Қасым-Жомарт Тоқаев «Суперпрезиденттік» басқарудан мықты Парламенті бар президенттік республика жүйесіне біртіндеп өтетінін айтты.
5 маусымда жалпыхалықтық референдум өткізіледі. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын.Мемлекет басшысы
Сонымен бірге Президент ұлттық экономика түбегейлі жаңғыртылатынын жеткізді.
Оны әділ бәсеке орнату, жекеменшікті қорғау, монополиядан арылту арқылы жүзеге асырамыз. Осының бәрі еліміздегі саяси тұрақтылықты нығайта түседі. Сонымен қатар бизнестің мүддесі мен құқын қорғауға ықпал етеді. Ең бастысы, шетелдік инвесторлар үшін экономикалық мүмкіндіктерді барынша кеңейтеді. Бір сөзбен айтқанда, алдымыздан ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі ашылады. Бұл Түркияның ірі холдингтеріне, компанияларына ғана емес, шағын және орта бизнес өкілдеріне де мүмкіндік береді.Қасым-Жомарт Тоқаев
Сонымен қатар мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде осы іс-шараға еліміздің шынайы досы, Түркияның Вице-президенті Фуат Октай мырзаның арнайы келіп отырғанын айтып, оған өз ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстан үшін Түркияның бауырлас ел әрі маңызды стратегиялық серіктес, сондай-ақ ең ірі сыртқы экономикалық әріптесіміздің бірі екенін атап өтті.