Мемлекет басшысы алғысөзінде Ұлттық құрылтайдың ашылуымен құттықтап, референдумның табысты өткенін тілге тиек етті.
Біз бүгін жалпыұлттық референдумнан кейін алғаш рет бас қосып отырмыз. Ата заңға өзгерістер енгізуге арналған референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысты. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты.ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент Ұлттық құрылтай шақыруға не себеп болғанын айтты.
Құрылтай шақыру ата дәстүріміз екенін айтқан мемлекет басшысы төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болғанын, «Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болғанын, Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырғанын, Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылғанын, екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланғанын» атап өтті.
Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев