Тоқаев АҚШ-тағы жаһандық қаржы институттары басшыларымен бірқатар кездесу өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысының Нью-Йоркке сапары Citi, Goldman Sachs, NASDAQ, Auerbach Grayson & Company LLP, Franklin Templeton, Brightlight Capital, AllianceBernstein, Jefferies Financial Group, Luxor Capital Group, Paine Schwartz Partners LLC, New Silk Road Forum, Robotti & Company Advisors, TPG Capital, Grupo Los Grobo сияқты жаһандық қаржы институттарының жетекшілерімен кездесуден басталды, делінген Ақорда хабарламасында.

Сурет: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық қаржыгерлерге еліміздегі ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы мәлімет берді.

Мемлекет басшысы бұл маңызды өзгерістердің қаржы-экономика секторына ықпалы тұрғысынан мәні зор екенін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың америкалық ірі компаниялардың басшыларымен кездесуі әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs-тің мұнай және шикізат саудасы жөніндегі жаһандық басқарушы директоры Эд Эмерсонмен әңгімелесуден басталды,

Сурет: akorda.kz

Кездесу барысында Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Қазіргі уақытта бұл банк "Астана" халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастық орнатқан.

Сондай-ақ энергетика саласын дамытудың келешегі жөнінде де пікір алмасу болды.

Ақорданың мәліметінше, сондай-ақ Мемлекет басшысы Grupo Los Grobo компаниясының төрағасы Густаво Гробокопательмен және Халықаралық даму орталығы өсім зертханасының директоры, Гарвард университетінің профессоры Рикардо Хаусманмен кездесті.

Сурет: akorda.kz

Тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Айта кетсек, Grupo Los Grobo – жылдық табысы 1 миллиард доллардан асатын Латын Америкасындағы астық және соя өндіретін ірі компания.

Ал JPMorgan Chase & Co. компаниясының төрағасы – бас атқарушы директоры Джейми Даймонмен өткен кездесуде қаржы институттарының өзара іс-әрекеті қарастырылғаны айтылады.

Сондай-ақ әлемдік экономиканың, оның ішінде қаржы нарықтарының даму перспективалары туралы пікір алмасты.

Сурет: akorda.kz

Мемлекет басшысы танымал америкалық сарапшы, Eurasia Group зерттеу және консалтинг компаниясының негізін қалаушы Ян Бреммермен де кездесу өткізді.

Кездесуде қазіргі заманның өзекті мәселелері мен үрдістері талқыланды.

АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: