Кітап оқымаса, не болады? Журналист маңызды бір жайтты түсіндірді

Городская юношеская библиотека имени Жамбыла, студенты, абитуриенты, выпускники, сурет - Zakon.kz жаңалық 22.09.2026 21:27 Фото: Zakon.kz
Кітап оқу адамның сөздік қорын байытып қана қоймай, ойлау қабілетін дамытып, зейінін жаттықтыруға көмектеседі. Алайда кітап оқымайтын адам міндетті түрде білімсіз болады деу дұрыс емес.

Ең маңыздысы — адамның ақпаратты қалай тұтынатыны. Бұл туралы журналист Ержан Жаубай әлеуметтік желідегі жазбасында айтып, кітап оқудың негізгі пайдасын атап өтті.

Ержан Жаубайдың айтуынша, кітап оқу ең алдымен адамның сөздік қорын байытуға ықпал етеді. Көп кітап оқыған адам жаңа сөздер мен тілдік құрылымдарды табиғи түрде меңгеріп, ойын нақты әрі сауатты жеткізуге дағдыланады.

Оның сөзінше, кітап оқу адамның ойлау қабілетін де дамытады. Әсіресе ғылыми, тарихи, философиялық және көркем әдебиет себеп-салдарды түсінуге, ақпаратты салыстыруға және талдауға үйретеді.

Журналист кітап оқудың тағы бір пайдасы — зейін мен шыдамдылықты жаттықтыру екенін атап өтті. Оның пікірінше, ұзақ мәтінді оқу қысқа әрі жылдам контентті тұтынуға қарағанда адамның назарын бір нәрсеге ұзақ уақыт шоғырландыруын талап етеді.

Сонымен қатар Ержан Жаубай кітаптың қиял мен шығармашылықты дамытуға ықпал ететінін айтты. Көркем шығарманы оқыған кезде кейіпкерлерді, оқиғаларды және шығармадағы әлемді оқырманның өзі елестетеді.

Журналистің айтуынша, әдеби шығарма басқа адамдарды түсінуге де мүмкіндік береді. Түрлі кейіпкерлердің сезімі мен өмір жағдайын оқу арқылы адам өзіне ұқсамайтын адамдардың көзқарасын түсінуге тырысады.

"Кітап белгілі бір тақырыпты әлеуметтік желідегі қысқа ақпаратқа қарағанда жүйелі түрде түсіндіре алады", — деп атап өтті ол.

Ержан Жаубай кітап оқу ақпаратты сыни қабылдауға да көмектесетінін айтты. Бір мәселе бойынша бірнеше автордың пікірін оқыған адам түрлі көзқарастарды салыстырып, ақпаратты өз бетінше саралауға дағдыланады.

Кітап оқымайтын адам міндетті түрде зиян шеге ме?

Журналист кітап оқымауды бірден зиянды әдетке теңеуге болмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, адам кітап оқымай-ақ ғылыми мақалалар, дәрістер, сапалы курстар және басқа да ақпарат көздері арқылы білімін толықтыра алады.

"Кітап оқымай да көп нәрсе үйренуге болады", — деп жазды Ержан Жаубай.

Дегенмен оның пікірінше, егер адам ұзақ мәтіндерді, терең ақпаратты және жүйелі білімді тұтынудан үнемі қашса, белгілі бір тәуекелдер туындауы мүмкін.

Мұндай жағдайда адамның сөздік қоры мен жазбаша тілінің дамуы баяуырақ болуы, күрделі мәтінді ұзақ уақыт оқуға және назар аударуға қиналуы, белгілі бір тақырып бойынша білімі шектеулі болуы ықтимал. Сондай-ақ бір ғана дереккөздің пікіріне тәуелді болып, күрделі идеяларды ұзақ әрі жүйелі талдау қиынға соғуы мүмкін.

Алайда Ержан Жаубай бұл ерекшеліктерді кітап оқитындар мен оқымайтындарды бөліп-жаратын нақты өлшем деп қарастыруға болмайтынын атап өтті.

Бастысы — кітаптың өзі емес

Журналистің пікірінше, кітап оқитындар мен оқымайтындардың арасындағы негізгі айырмашылық кітаптың өзінде емес, адамның ақпаратты қалай тұтынатынында.

"Күніне бірнеше сағат сапасыз контент көріп, ештеңені терең зерттемейтін адам кітапты қолына алғанымен көп пайда таппауы мүмкін. Ал кітапты аз оқыса да, ғылыми мақалалар, дәрістер, сапалы курстар арқылы үнемі білімін толықтыратын адам интеллектуалдық тұрғыдан жақсы дамуы мүмкін", — деп жазды ол.

Осыған байланысты Ержан Жаубай кітап оқудың басты артықшылығы дайын ақпарат алуда ғана емес екенін айтты. Оның сөзінше, кітап адамға ұзақ уақыт бойы ойлануға, елестетуге, салыстыруға және белгілі бір мәселені терең түсінуге мүмкіндік береді.

Ал кітап оқымаудың ықтимал зияны кітаптың өзін оқымауда емес, терең әрі сапалы ақпаратпен жұмыс істеу әдетінің қалыптаспауында.

"Қандай кітап оқығыңыз келсе де, талғаммен оқуды үйреніңіз. Себебі талғаммен оқыған кітап сізге әуелі пайда әкелсе, екінші стрестен құтқарады", — деп түйіндеді журналист Ержан Жаубай.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: