Ана мен бала өмірі: Алматыда дәрігерлер шұғыл ота кезінде күтпеген жағдайға тап болды
Сурет: ҚР ДСМ баспасөз қызметі
Алматының № 2 қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері ана мен сәбиді аман алып қана қоймай, іс жүзінде мүмкін емес нәрсені жасады, яғни әйелдің болашақта бала көтеру қабілетін де сақтап қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 2026 жылы 15 шілдеде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласының №2 қалалық перинаталдық орталығына жүктіліктің 35-аптасында қағанақ суы мерзімінен бұрын кеткен 40 жастағы жүкті әйел шұғыл түрде жеткізілді. Тексеру барысында дәрігерлер ұрықтың өміріне қауіп төндіретін қан айналымының бұзылуын анықтады. Осыған байланысты шұғыл кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылданды.
"Операция кезінде мамандар көлемі 20×25 сантиметр болатын алып миоманы анықтады. Жағдай айқын жабысқақ үдеріспен күрделене түскен: ішек жатырға тығыз жабысып қалған".
Клиникалық жағдайдың күрделілігін ескере отырып, №2 қалалық перинаталдық орталықтың директоры Светлана Рахимова шұғыл операцияны жедел ұйымдастырып, хирургиялық араласуға Алматы онкологиялық орталығының онкогинекологы Райхан Болатбекованы тартты.
"Дәрігерлердің бірлескен күш-жігерінің арқасында сәбиді аман-есен дүниеге әкеліп қана қоймай, пациенттің жатыры мен репродуктивтік функциясын сақтай отырып, салмағы 5,1 келі болатын алып ісікті де алып тастауға мүмкіндік туды. Бұл әйелге болашақта қайтадан ана атануға мүмкіндік береді. Салмағы 2,2 келі болатын шала туған ұл бала дүниеге келді. Туғаннан кейін сәби жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімшесі мамандарының бақылауында болды. Уақтылы көрсетілген медициналық көмектің арқасында оның жағдайы тұрақтанды". ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі
Қазіргі кезде ана мен сәбидің жағдайы жақсы, олар үйлеріне шығарылды.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript