Тоқаев БҰҰ-ны жаңғыртуды әрі реформалауды ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер Ұйымының Жарғысына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Осыдан 77 жыл бұрын БҰҰ-ның негізін қалаушы мемлекеттер Ұйымның Жарғысына халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын енгізді. Бұл ережелер осы уақыт аралығында біздің қызметімізді тиімді реттеп келді. Қазір осы әмбебап Ұйымның негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды. Атап айтқанда,  біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады.Қасым-Жомарт Тоқаев

Дегенмен Президент дәстүрлі және ядролық қарусызданудың жаһандық жүйесі әлсіреген кезде аталған үш қағидатқа қауіп төнетінін жеткізді.

Керісінше, үш қағидаттың түгел сақталуы олардың күшеюіне ықпал етеді. Бұл қағидаттар бірге кеңейтілген мемлекетаралық ынтымақтастықтың келесі үш деңгейіне негіз болады: субөңірлік, өңірлік және жаһандық. Бұл адамзат үшін пайдалы. Қазақстан Президенті

Сондай-ақ Мемлекет басшысы БҰҰ аясында бекітілген құндылықтар жүйесі әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған адамға үміт сәулесі болып қала беретінін баса атап өтті.

Біз ынтымақтастық рухына негізделген БҰҰ-ны басшылыққа алып, аталған құндылықтарды батыл қорғауға тиіспіз. Басқаша айтқанда, біз қол қусырып, әлемнің полярлануына және бөлшектенуіне көне алмаймыз. Біз ортақ мұрамыз бен игілігімізге нұқсан келтіретін батылсыздыққа немесе біржақты мүддеге жол беруге құқымыз жоқ. Көп нәрсеге тәуекел етуге тура келеді. Осыған байланысты Қазақстан  инклюзивтілік, көпжақтылық және ізгі ниет жолында тиісті субъектілердің бәрімен ынтымақтастық орнатуға дайын. Біз тек күш жұмылдыра отырып қана қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатынымызға сенімдімін. Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін мынадай бағыттарда бірге әрекет ету керектігін айтты:

Өткен жылдардағы көптеген және көбіне өзара байланысты дағдарыстар жаһандық басқаруда айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсетті. Олар БҰҰ-ны жаңғырту және реформалау қажет екенін айқындап берді. БҰҰ алдағы сын-қатерлерге және туындайтын мүмкіндіктерге дайын болуға тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Бас хатшының «Біздің ортақ мәселеміз» атты баяндамасында айтылған ұсыныстарды қолдайды. Бізге БҰҰ Жарғысының  ережелерін бекітуге, көпжақтылыққа тың серпін беруге, қолданыстағы міндеттемелердің жүзеге асырылуын күшейтуге, жаңа сын-қатерлерге қатысты нақты шешімдерді келісуге және Ұйымға мүше мемлекеттердің өзара сенімін қалпына келтіруге зор мүмкіндік туып тұр. Біз келесі жылы Ұйымға мүше мемлекеттер министрлерінің кездесуі аясында өтетін консультацияларға қатысуды, сондай-ақ 2024 жылы Болашақ саммитін асыға күтеміз.
БҰҰ Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: