Тоқаев: Сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін

Ақорданың ресми сайты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына .ндеуін жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президенттің айтуынша, бұл жыл жан-жақты реформалар мен нақты өзгерістер жылына айналды.

Сонымен қатар маусым айында өткен референдумның нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады.

Мемлекет «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын берік ұстанады. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланады. Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайды.ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Ол Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болғанын да тілге тиек етті.

Биліктің бірқатар өкілеттігі қайта бөлініп, кейбір құзыреттер президенттен парламентке берілді.

Енді өңірлердің әкімдері баламалы жолмен таңдалады. Конституцияға жер және оның қойнауы халыққа тиесілі деген бап енгізілді. Мен осы ережені жүзеге асыру үшін «Ұлттық қор – балаларға» деген мүлде жаңа бағдарлама ұсындым. Конституциялық реформа – мен Мемлекет басшысы болып сайланғаннан бері жүзеге асырып жатқан ауқымды саяси жаңғыру бағдарламасының ажырамас бөлігі.Қасым-Жомарт Тоқаев

Осы бағдарлама аясында, президенттің сөзінше, бейбіт жиналыстарды өткізу үшін алдын-ала ескерту тәртібі енгізілді.

Саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетіліп, тіркеудің қажетті шегі төмендетілді.

Сайлау алдындағы партиялық тізімді жасақтау және депутат мандаттарын бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді.

Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға төмендеді. Сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Парламенттік оппозиция институты құрылды. Қылмыстық кодекстің 130-бабы қылмыстық деп танылмайтын болды, 174-бабы ізгілендірілді. Өлім жазасы жойылды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілдері енгізілді. Сондай-ақ басқа да көптеген тың бастамалар жүзеге асырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев

Жалпы, соңғы үш жылда жасалған өзгерістер мен конституциялық реформа мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа үлгісін қалыптастырды.

Сондықтан мен Жолдауымда сайлау мерзімін жария түрде және ашық айттым. Осылайша, біз басты мемлекеттік институттар – Президент, Парламент, Үкімет және мәслихаттардың бәрін біртіндеп қайта құрамыз. Осы бастамалар жарияланғаннан бері бір айға жуық уақыт өтті. Бұл – барлық мәселені байыппен талқылап, жағдайды бағамдауға жеткілікті мерзім.Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы "халық саяси жүйені өзгерту туралы жоспардың мән-маңызын жақсы түсінетінін" айтты.

Сондықтан мен бұған дейін айтылған сайлаудың мерзіміне және Ата заңның талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Осы науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Мен Жолдауымда бірқатар ауқымды әлеуметтік-экономикалық шаралар қолға алынатынын жарияладым. Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент оның бәрін жақын арада жүзеге асыру керек екенін айтты.

Көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамамды ұсынамын. Онда әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін жаңа бастамалар айтылады. Мен мемлекет басшысы ретінде сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беремін. Оны отандық және шетелдік байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өткізетін боламыз. Барша азаматтарымызды жауапкершілігін сезініп, демократия, заң және тәртіп қағидаттарын берік ұстануға шақырамын. Еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсете білейік. Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың қолымызда. Біз Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз!Қасым-Жомарт Тоқаев
Қазақстан Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: