"Уақыт – емші" дейді халқымыз. Қасіретті күндер алыстаған сайын біртіндеп көмескі тарта беретіні анық. Қарулы топтардың қалай ойран салғаны да естен шығуы мүмкін. Бірақ, біз ел ішіне жік салғысы келетін арандатушылардың жетегінде кетпеуіміз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қастандық ұйымдастырған қарақшылардың қылмысын ақтауға жол берілмейтінін айтып, олардың бәрі лайықты жазасын алатынын ескертті.
Осы орайда ол жақында Рақымшылық туралы заң қабылданғанын еске салып өтті.
"Бірақ, қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандар да бар. Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай, Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені, кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдер кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады". Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент бұдан былай мұндай қасірет қайталанбайтынына сенім білдірді.
"Сол үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қайғылы күндерде қаза болған жандардың жақындарына тағы да көңіл айтамын" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ сын сағатта антқа адал болған құқық қорғау және күштік құрылымдардың қызметкерлерін ерекше атап өткісі келетінін айтты. Оның сөзінше, қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге қала тұрғындары да атсалысты.
"Осындай жанашыр азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. "Қаңтар қасіреті" бізге сынақ қана емес, үлкен сабақ болды. Тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін жұртымыз жете түсінді".Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент қоғамға іріткі салуды көздеген қарақшылардың, лаңкестердің мақсаты орындалмағанын, керісінше, халқымыздың бірлігі нығая түскенін атап өтті.
Сондай-ақ ол "Қасіретті қаңтардан" кейін толығымен қалпына келтіріліп, қала экономикасы тұрақты дамып жатқанын тілге тиек етті.