Мемлекет басшысы Асқар Забикулиннің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Асқар Серікұлы төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп, елімізге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азамат еді. Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ержүрек өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады.