Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, 63-бабының 1-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 85-бабына сәйкес Президент қаулы етті:
1. Жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі таратылсын.
2. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалсын.
3. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындықты және оны өткізуді ұйымдастырсын.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдасын.
Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Сондай-ақ Ақорданың ресми сайтында Президенттің барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөніндегі жарлығы жарияланды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 86-бабының 5-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабының 3-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабының 2-тармағына сәйкес Президент қаулы етті:
1. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылсын.
2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі шараларды қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдасын" делінген жарлықта.
Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
19 қаңтар күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының төрағаларымен және премьер-министрмен Парламент мәжілісін тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңес өткізді.
Әділет министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 7 саяси партия тіркелген:
- Amanat партиясы;
- "Ақ Жол" Қазақстанның демократиялық партиясы;
- Қазақстан Халық партиясы;
- "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
- "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия";
- Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы;
- "Respublica партиясы" қоғамдық бірлестігі.