Даниал Ахметовтің айтуынша, былтыр Шығыс Қазақстан облысында жалпы құны 2194,2 миллиард теңге болатын өнеркәсіп өнімі өндірілді. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі – 545,4 миллиард теңге. Өткен жылы облыста 318,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, делінген Ақорда хабарламасында.
Президентке 2022-2028 жылдарға арналған Бірыңғай индустрияландыру картасына Шығыс Қазақстан облысы жалпы құны 376 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба ұсынғаны жөнінде мәлімет берілді. Соның ішінде Ұлан ауданында тау-кен байыту фабрикасының құрылысын бастау, Алтай ауданында Алтай тау-кен байыту кешенінің өндірістік алаңын кеңейту жобалары бар.
Өңір басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді. Облыста майлы дақылдардың егістік ауданы ұлғайып, өсімдік майын өндеу көлемі 1,8 есе артты. Глубокое ауданында жылына 300 мың тонна өсімдік майын өндіретін зауыт іске қосылды.
Былтыр облыстағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 12,5 пайызға артып, 61,5 мыңға жетті. Биыл Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1800 кәсіпкерге қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар Президентке облыстағы денсаулық сақтау және білім беру нысандары құрылысының барысы туралы баяндалды. Қазіргі кезде Өскемен қаласында гематология орталығы, Риддер қаласында көпбейінді аурухана салынып жатыр. "Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы аясында Ұлан ауданында бір ауысымда 140 пациент қабылдай алатын емхана, ауылдық елді мекендерде 20 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Ал "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бойынша өңірде биыл 11 мектеп пайдалануға берілмек.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Даниал Ахметовке облыстағы ірі елді мекендердің коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға және өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.