Ақтөбе облысында пара алған мектеп директоры 18 млн теңге айыппұл төлейтін болды

Ақтөбе облысында 600 мың теңге көлемінде пара алған мектеп директоры сотталды. Ол бұл сомаға пара берушінің әйелін лаборант ретінде мектепке жұмысқа алған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Аталған қылмыстық істі Шалқар аудандық соты қарады.

Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, дәлелдемелерді жоққа шығарған жоқ.

"Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкінуін, кінәсін мойындауын, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсенді түрде үлес қосуын, ерікті түрде залалды өтеуін, асырауында жас балаларының болуын таныды". Шалқар аудандық сотының баспасөз қызметі

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

ҚР ҚК-нің 366-бабы 2-бөлігі санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 50 еселенгеннен 60 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Қылмыстық іс жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәртібімен келіп түсіп, қаралғандықтан, жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін Кодекстің  тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің жартысынан аспауға тиіс (ҚК-нің 55-бабы 3-тармағы).

Сот үкімімен М. кінәлі деп танылып, оған өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, параның 30 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни, 18 000 000 теңге сомасына айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

Сонымен қатар, сотпен Ақтөбе облысы білім басқармасының басшылығына жеке қаулы шығарылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Ақтөбе
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: