Кәрім Мәсімовке қатысты сот үкімі шықты

24 сәуірде ҚР ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Кәрім Мәсімовке қатысты сот үкімі шықты

Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында К. Мәсімовке (ҚР ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы), А. Садықұловқа, Д. Ерғожинге, М. Осиповқа (ҚР ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасарлары) қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі жарияланды.

Айыпталушылардың қатысуымен сот істі "өте құпия" деген белгімен қарады.

К. Мәсімов пен А.Садықұлов мемлекетке опасыздық жасады (ҚК 175-бабының 1-тармағы), ҚР билігін күшпен басып алуға тырысты (ҚК 179-бабының 3-тармағы) және билік пен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды (ҚК 362-бабының 4-тармағы 3-бөлігі) деп айыпталды.

Д. Ерғожин ҚР билігін күшпен басып алуға тырысты (ҚК 179-бабының 3-тармағы) және билік пен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды (ҚК 362-бабының 4-тармағы 3-бөлігі) деп айыпталады.

Осипов М. билік пен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды (ҚК 362-бабының 4-тармағы, 3-бөлігі) деп айыпталады.

Сот шешімімен К. Мәсімов ҚК-нің 175-бабының 1-тармағы, 179-бабының 3-тармағы, 362-бабының 4-тармағы, 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қоса отырып, оған 18 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

А. Садықұлов ҚК-нің 175-бабының 1-тармағы, 179-бабының 3-тармағы, 362-бабының 4-тармағы, 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қоса отырып, 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айыру да үкім етілді. 

Д. Ерғожин ҚК-нің 179-бабының 3-тармағы, 362-бабының 4-тармағы, 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды, жазаны ішінара қоса отырып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды.

М. Осипов Қылмыстық кодекстің 362-бабының 3-тармағы  бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.


Сурет: gov.kz


К. Мәсімов, А. Садықұлов, Д. Ерғожин және М. Осиповты сот генерал атақтарынан және мемлекеттік наградаларынан айырды.

Мемлекет кірісіне 10 млрд теңгеден астам және 24 млн АҚШ доллары өндіріп алынды. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: