Қазақстанда блогерлердің жауапкершілігі күшейтіліп, фейк таратқандарға айыппұл салынбақ

Мәжілісте "Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы" заң жобасының нормалары талқыланды. Депутат Анас Баққожаев құжатта блогерлерге жалған мәліметтер таратқаны үшін 40 АЕК көлемінде айыппұл салуды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР АҚДМ БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахметов Қазақстан азаматтары бүгіндері әлеуметтік желіні белсенді түрде пайдаланатынын айтты. Оның айтуынша, Facebook-те 2 миллионнан астам, Instagram-да 11 миллионнан астам және Тик-токта 7 миллионнан астам қолданушы тіркелген.

Депутат Анас Баққожаев болса, басқа цифрларды алға тартты. 

"Қазір интернет өте жақсы дамып келеді, қоғамдық қатынастар қарқынды жүріп жатыр. Бұл - жақсы үрдіс, бірақ сонымен қатар руханият, тіл, балаларды қорғау, экономика және т.б. бағыттар бар екенін білу қажет. 2022 жылы жалған ақпарат таратумен байланысты 5 545 факт анықталды, оның 278-і деструктивті, 5 267 факт алаяқтық белгілеріне қатысты және 2 846-сы қаржы пирамидаларының жарнамасына қатысты болып шықты", - деді ол.


Оның айтуынша, қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар желіде жалған ақпарат таратқаны үшін заң жобасына әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделуде. Онлайн-платформалардың қарапайым пайдаланушылары үшін айыппұл 20 АЕК (2023 жылы 69 мың теңге), ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін - 40 АЕК (2023 жылы 138 мың теңге).

Алайда Мақсұт Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ профессоры Мүсілім Хасенов заңда "блогер" мәртебесін айқындаушы белгіленген шарттар жоғын, яғни бұл мәртебені рәсімдеу қалай жүргізілетіні түсініксіз екенін айтты.

"Бұл жерде мәртебеге қатысты құқықтық сенімділік принципін сақтау өте маңызды. Егер біз ҚР ӘҚБтК-ге блогерлердің бұзушылықтар үшін жауапкершілігі туралы жоғарыда айтылғандай жазатын болсақ, бұл блогер болуды ауырлататын жағдай, сондықтан блогерлер қандай критерийлер бойынша анықталатынын нақты белгілеу керек. Әйтпесе, бұл сыбайлас жемқорлық сипаттағы факторы. Яғни, бұл сұраққа жауап беру керек немесе заң жобасынан мүлдем алып тастау керек", - деді ол.

Қоғамдық палатаның мүшесі Марат Шибұтов өз кезегінде заңда салық туралы болғанымен жарнамалық және диджитал агенттіктер жайы қарастырылмағанын атап өтті.


"Олар туралы мүлдем айтылмайды. Бірақ олар әлеуметтік желіде жарнама орналастырады. Оларды да көбірек бақылауға қою керек. Миллион блогерді бақылаудың қажеті жоқ, тек 20 жарнама агенттігін бақылау керек. Жалпы, бұл заңның проблемасы көп. Менің ойымша, бұл заң жобасын кері қайтарып, басқаша жасау керек", - деп сөзін түйіндеді Шибұтов.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: