Жәбірленуші тарап миллиондаған ақша аударғанын дәлелдейтін түбіртегі болғанымен, арыз жазылғанымен, экс-шенеунік пен оның әйелі әлі күнге жауапқа тартылмағанына назалы. Алматы облысы полиция департаменті аталған даулы іске қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды КТК.
"Алаяқтық бойынша Талғар ауданының басқармасында тіркелген. Қазір тергеу әрекеттері Алматы облысының полиция депаратаментінің тергеу басқармасының құзырына алынды. Қылмыстық процеске қатысқандардың ұстанымы қарама-қайшы. Осыған байланысты істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді үшін барлық қажет тергеу жүргізіліп жатыр. Түпкілікті іс жүргізу шешімі қабылданатын болады".Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин
Ата кетсек, Алматының Құлжа тас жолының тұсы кезінде Талғар ауданына қараған. Кейін қала шекарасы кеңігенде мегаполистің балансына өтті. Кирас Насибаев дәл сол аралықта бизнес бастаймын деп, 1700 шаршы метр бітпеген ғимаратты қыруар қаржыға экс-әкімнің келіншегінен сатып алыпты. Әу баста құжаты дұрыс болғанмен, кейін прокуратура заңсыз деп тауып, сот үш қабатты нысанды сүруге шешім шығарған.
"Үкімет менен жер телімін "мемлекет қажетіне сатып аламыз" деді. Алыңдар дедім. Маған 696 миллион теңге берді. Сөйтсем Талғарда соттасқанда оның күшін жойып тастаған. Әйелі – Сарванова Наташа. Әкім болғанда өз әйеліне бұл жерді рәсімдеп тастаған. Ақшамды қайтармай жүр. Үкіметтің ақшасын қайтаруымыз керек, менің ақшамды қайтармай тұр, Сарванова. Қашып жүр. Қайда жазсам, барады да, бәні "сатып алады".Жәбірленуші Кирас Насибов
Жасы 70-ке жеткен ақсақалдың қақпаған есігі қалмаған. Жаңа жылға дейін Үкіметтің жерді кері алып, үш қабатты ғимаратты сүргені үшін өтемақы ретінде берген миллиондаған ақшасын қайтаруы тиіс. Өзін алдап соққан экс-әкімнің әйеліне де, сот жәбірленушіге күйген қаржысын өтесін деген шешім шығарғанымен, ешқандай шара қолданбай жатқанына күйінеді.
"Толық материал жиналған. Біздің ақша бергенімізді дәлелдейтін құжаттар тұр. Көзбе-көз беттестіргенде екінші тарап мойындап тұр, "иә, ақшаны алдық" деп. Областағы ІІД тергеушілері өте баяу қозғалып жатыр. Алаяқтық бабымен арыз жаздық, Талғар ауданына. Наурыз айынан бастап іс қозғалған. Содан бері не қамау, не процессуалды бір шешім шығару керек қой. Тергеп-тексеру, мысалы екі ай". Адвокат Қайрат Молдахметов
Қомақты қаржысынан айырылғандардың ісін қазір облыстық полиция департаменті қарап жатыр. "Алаяқтардың арбауына түстік" деген жәбірленуші тараптың ендігі тілегі – істі тез сотқа жеткізу. Жаңа жылға дейін мәселе біржақты болмаса, "банкротқа ұшыраймыз ба" деп уайымдайды.