Қазақстанға жекелеген тауар түрлерін әкелуге арналған тарифтік квоталарды бөлу қағидалары бекітілді
Фото: Zakon.kz
Қағидаларға сәйкес, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган әр тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-іне дейін уәкілетті органға елге әкелінген тауардың заттай көлемі мен ақшалай құны туралы мәлімет береді.
Мәліметтер тауардың кеденнен шығарылған күніне қарай жинақталады. Әр есепте көрсеткіштер жыл басынан бергі жиынтық қорытындымен беріліп, тауарды әкелген сыртқы сауда қызметіне қатысушылар көрсетіледі.
Уәкілетті органға мынадай міндеттер жүктелген:
- Қағидалар қолданысқа енгізілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей gov.kz сайтында тауар әкелуге лицензия беру туралы хабарландыру жариялайды. Одан кейін хабарландыру жыл сайын Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының тиісті шешімі күшіне енген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде жарияланады.
- Жыл сайын жекелеген тауар түрлерін Қазақстанға әкелуге арналған тарифтік квоталардың көлемін сыртқы сауда қызметіне қатысушылар арасында бөледі.
- Тарифтік квота қолданылатын жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін әр қатысушыға өзі үшін белгіленген көлемде тауар әкелуге лицензия береді. Өтініштер келіп түсу ретімен қаралады.
- Тарифтік квота толық бөлінгенге дейін ай сайын, әр айдың 10-ына дейін өз сайтында квотаның қандай көлеміне лицензия берілгенін және қанша көлемі бөлінбей қалғанын жариялайды. Сондай-ақ квота алған өтініш берушілердің жиынтық тізімін жариялап, онда тауардың атауы мен бөлінген квота көлемін көрсетеді.
Тауардың әрбір түрі бойынша сыртқы сауда қызметінің бір қатысушысына бөлінетін квота Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының шешімімен бекітілген жылдық тарифтік квота көлемінің 10%-ынан аспауға тиіс.
Лицензия алу үшін сыртқы сауда қызметіне қатысушылар уәкілетті органға тауарды импорттауға лицензия беру туралы өтініш береді.
Өтініштер тарифтік квота қолданылатын жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін қабылданады.
Уәкілетті орган өтініштерді келіп түсу ретімен қарап, лицензияларды да сол кезекпен береді.
Тарифтік квота толық бөлінгенге дейін сыртқы сауда қызметінің әрбір қатысушысына өтінішінде көрсетілген мөлшерде тауар әкелуге лицензия беріледі. Бұл мөлшер қатысушы үшін белгіленген шектен аспауға тиіс.
Лицензия берілген күнтізбелік жылдың соңына дейін жарамды.
Егер сыртқы сауда қызметіне қатысушы лицензиясын қолданылу мерзімі аяқталмай тұрып қайтарса, квотаның пайдаланылмаған бөлігі қайта бөлінеді.
Лицензия иелері оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін күнтізбелік 15 күн ішінде уәкілетті органға тауарды импорттауға берілген лицензияның орындалуы туралы анықтама ұсынады.
Тауарды кедендік құнының 0%-ына тең кедендік баж мөлшерлемесімен әкелуге арналған тарифтік квота бүкіл көлемі таусылғанға дейін бөлінеді.
Осы қағидаларға сәйкес сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тарифтік квота шеңберінде әкелген тауарларын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше өзге мемлекеттердің аумағына әкетуге болмайды.
Сондай-ақ шыққан елі Иран болып табылатын тауарлардың тізбесі бекітілді.
Тізбеге мына өнімдер енді:
- Үй тауығының жас, салқындатылған немесе мұздатылған еті мен тағамға жарамды ішек-қарны.
- Тұқымдық картоптан басқа жас немесе салқындатылған картоп.
- Жас немесе салқындатылған қызанақ.
- Қауданды қырыққабаттың, кольрабидің, жапырақты қырыққабаттың және Brassica туысына жататын өзге де ұқсас жеуге жарамды көкөністердің жекелеген түрлері (жас немесе салқындатылған күйінде).
- Жас немесе салқындатылған сәбіз бен шалқан.
- Жас немесе салқындатылған асханалық қызылша, желкек (козлобородник), тамырлы балдыркөк, шомыр және өзге де ұқсас жеуге жарамды тамыржемістер.
- Жас немесе салқындатылған қияр мен корнишон.
- Жас алма.
- Сірке суы немесе сірке қышқылы қосылмай дайындалған немесе консервіленген қызанақ.
Бұйрық 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.