Учаскелік полицейлерге балалар зорлық-зомбылығы фактілері бойынша іс-қимыл алгоритмі таныстырылды

ҚР ІІМ ата-аналар, қамқоршылар, өгей әкелер, бірге тұратындар және бірге тұратын басқа да жақын туыстары тарапынан балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері бойынша хабарламаларда қолданылатын іс-қимыл алгоритмін әзірледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ішкі істер министрлігінде ҚР-дағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, министрдің орынбасары Игорь Лепеха және Әкімшілік полиция комитеті өкілдерінің кездесуі өтті. Кездесуге аймақтардағы барлық учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар онлайн қатысты, делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Министрдің орынбасары балалардың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

"Сіздің ұсынысыңыз бойынша өңірлерде аудандық әкімдіктер жанынан ведомствоаралық мобильді топтар құрылды. Олар қазірдің өзінде балалармен бірге тұратын 28 мыңнан астам отбасын аралап көрді, олардың 5,7 мыңнан астамы өгей әкемен және 9 мыңнан астамы бала тәрбиелеп отырған туған әкелерімен бірге тұратын отбасылар. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді атқармайтын 1,5 мыңнан астам ата-ана анықталып, профилактикалық есепке қойылды", – деді Лепеха.

Динара Закиеваға балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері бойынша хабарламаларға полицейлердің қалайша әрекет ететіні туралы айтылып, алгоритмі таныстырылды.

ҚР ІІМ жыл басынан бері 3,7 мыңнан астам жасөспірім қараусыз және панасыз қалғаны үшін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына жеткізілгенін атап өтті.

Негізінен, жасөспірімдер түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үй-жайлардан тыс және ойын-сауық орындарында болғаны үшін ұсталады.

Осындай фактілерге байланысты 72 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ойын-сауық орындарының 1,2 мыңнан астам иесі кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта мекемелерде болуына жол бергені үшін жауап берді.

Сондай-ақ ведомство балалардың жол-көлік жарақатын азайту үшін патрульдік полиция қызметтерінің жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысы күшейтілгенін айтты.  Полицияның патрульдік жасақтарының бағыттары білім беру ұйымдарына және кәмелетке толмағандардың жаппай орналасқан жерлеріне барынша жақындатылғаны да тілге тиек болды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: