Видео авторы бұл оқиға Түркістан облысында болғанын айтады. Желідегілер видеодағы адамдардың бірін лицензиялық-рұқсат беру қызметін басқаратын полиция қызметкеріне ұқсатқан. Ол аңшылық қаруды қадағалауға да жауапты. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жақында бірнеше браконьерлердің ұсталғанын, олардың арасында кезекті демалыста жүрген полиция қызметкері болғанын да растады, деп хабарлайды otyrar.kz.
Тәртіп сақшылары әріптесінің аты-жөнін ашып айтпады. Ұсталған құқық қорғаушыға қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқаны белгілі. Тергеу шарасы аймақтың бас полициясының жеке бақылауында.
"Түркістан облысы полиция департаментінің полицейлері Қаратау орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген рейд кезінде Сауран ауданының аумағында заңсыз аң аулаумен айналысқан жергілікті тұрғындарды анықтады. Қылмыстық іс шеңберінде оқиға орнынан тәркіленген ет бойынша жануар түрін және оның өлімінің себебін анықтау мақсатында тиісті сараптама тағайындалды. Ұсталғандардың бірі кезекті демалыста жүрген полиция қызметкері екені анықталды. Сараптама қорытындысы және жүргізілген тергеу әрекеттері бойынша полицейдің және басқа да азаматтардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады. Тергеу шарасы департамент бастығының жеке бақылауында, ол полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды". Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі