Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жоспардан тыс тексеру барысында бұл нысанның заңсыз салынып жатқанын анықтады. Осыған байланысты құрылыс салушыға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 316-бабының 1-бөлігіне, 321-бабының 1-бөлігіне және 463-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, оған құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтату туралы нұсқама берілді.
Алайда кәсіпкер тарапынан бұл нұсқаулар еленбеді. Осыған байланысты Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы ҚР Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес өз бетінше салынған заңсыз құрылыс объектісін мәжбүрлеп бұзу туралы талап арыз беріп, ол сот шешімімен қанағаттандырылды.
"Заңсыз құрылыстарға қарсы күрес мақсатында сот істері жүргізілуде. Соның нәтижесінде 29 құрылыс заңсыз деп танылып, сот оның 28-ін бұзу туралы шешім шығарды. Жұмыс жобасынсыз және сараптаманың оң қорытындысын алмай салынған ғимараттардың бірі сот шешімімен 30 қазанда бұзылды. Қонақ үй құрылысы бекітілген жұмыс жобасынсыз, сараптаманың оң қорытындысы алынбай салынған. Сонымен қатар, техникалық қадағалау және авторлық қадағалау жүргізілмеген", - деді қала құрылысын бақылау бөлімінің басшысы Нұрбол Жоланбеков.