Бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Қожағапановтың не үшін ұсталғаны белгілі болды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов 6 наурызда өткен брифинг барысында бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қандай күдік келтірілгенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Агенттік өкілінің айтуынша, бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінген.

"Коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет ете отырып, ол 2018 жылы Петропавл қаласында "Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумын" ұйымдастыру бойынша шарт жасасуда жекенің мүддесін қолдаған. Бұл ретте форумды өткізуге арналған сметадағы сандар негізсіз екі есеге ұлғайған. Бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына алып келіп соқты", - деді Арман Тілеукенов.

Ол қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражатқа сатып алынған мүліктің де анықталғанын атап өтті. Соттың санкциясы бойынша оған қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу амалдары жалғасуда.

1 наурызда бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың сыбайлас жемқорлық бойынша күдікке ілініп, Алматы қалалық ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болды.

Ерлан Қожағапанов екі рет мәдениет және спорт вице-министрі болған: 11.2017 - 08.2019; 04.2021 - 13.09.2021. Әр жылдары Астана және Алматы әкімдерінің орынбасары қызметін атқарды. 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың сәуіріне дейін Премьер-министрдің кеңесшісі де болған.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: