"Отанға опасыздық жасады" деп темір торға тоғытылған Сыроежкин бостандыққа шықты

Кеше "Отанға опасыздық жасады" деген айыппен сотталған қытайтанушы Константин Сыроежкиннің мерзімінен бұрын түрмеден босап шыққаны белгілі болды. Бүгін, 2024 жылы 5 сәуірде Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі бұл фактіні растады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Алматы облыстық сотында сотталған К. Сыроежкиннің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан І сатыдағы соттың қаулысына қатысты жеке шағымы қаралды.

Айта кетсек, 2019 жылы 7 қазанда Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен К. Сыроежкин ҚР ҚК-нің 175-бабының 1-бөлігі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.  

Жазасын өтеу барысында сотталушы сотқа шартты түрде өзін мерзімінен бұрын босату туралы өтінішпен жүгінді.

Сотта жазасын өтеу кезінде сотталған адамның үш рет мадақтама алғаны және мінез-құлқының бірінші дәрежедегі оң бағаға ие екені анықталды. Апелляциялық шағымды қарау кезінде жазаның өтелмеген мерзімі 4 жыл 5 ай 22 күнді құрайды.

"Сот үкімі бойынша тағайындалған іс жүргізу шығындары өтелген, сотталған адам азаматтық жауапкершілікке тартылмаған, мекеме әкімшілігі оған оң баға береді әрі ол істеген ісіне өкінеді. Сот алқасы өзінің үлгілі мінез-құлқымен, еңбекке адал көзқарасымен, колония өміріне белсене ат салысушы сотталған адам өзінің түзелетінін дәлелдеді және сот тағайындаған жазаны толық өтеуді қажет етпейді деген қорытындыға келді. ҚР ҚК-нің 72-бабының 1-бөлігіне сәйкес бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру мерзімін өтеп жатқан адам осы баптың үшінші, төртінші және бесінші тармақтарында көрсетілген мерзімдерді нақты өтегеннен кейін қылмыспен келтірілген залалды толық өтеген және жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзбаған жағдайда шартты түрде мерзімінен бұрын босатыла алады. Апелляция қаулысымен сотталған К. Сыроежкиннің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылды". Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі

Сот К. Сыроежкинді қалған мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатты.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Айта кетсек, кеше саясаттанушы Антон Морозов сотталған қытайтанушы Константин Сыроежкиннің бостандыққа шыққанын жазып, онымен бірге түскен суретін де желідегі парақшасына жүктеген болатын. 

Алматы облысы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: