Іс ҚР ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігі, яғни "Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" және ҚР ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1 ,2-тармақтары - "Азаптау" бойынша қаралды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы өтінішхат келіп түскен.
Сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, У.Сманов созылмалы және психикалық аурумен ауырады және өз іс-әрекеттерін жасау кезінде ес-түссіз жағдайда болған. Бұл жағдай заң бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартуды жоққа шығарады.
Сот ҚР ҚК-нің 16-бабына сәйкес, У.Смановты қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған мамандандырылған психиатриялық стационарда емдеуге мәжбүрлеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындады.
"Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, сондай-ақ Шымкент қалалық полиция департаментіне балаларды психикалық аурумен ауыратын адамның қамқорлығына беру фактісі бойынша жеке қаулылар шығарылды", делінген сот хабарламасында.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.