"Қамқоршылық органы қызметкерлерінің саны артады". Зәкиева жақсы жаңалығымен бөлісті

Қамқоршылық органдары қызметкерлері санының нормативіне қатысты енгізген түзетулер Үкімет тарапынан қолдау тапты. Бұл туралы 18 қарашада Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Facebook-тегі парақшасында ол мұның өздері қол жеткізген үлкен жеңіс екенін баса атап өткен. Оның айтуынша, бұл түзету қамқоршылық органдары қызметкерлерінің санын нормативке сәйкес арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, 5 мың балаға кемінде 1 қызметкер анықталуы тиіс. Елімізде 2023 жылдың соңындағы дерек бойынша 6,8 млн балаға 303 қызметкер ғана болған. Түзету қабылданғаннан кейін олардың саны кемінде 1350-ге жетеді.

"Мысалы, Шымкент қаласында қазір жарты миллион балаға 5 қызметкер ғана жұмыс істейді, түзету қабылданғаннан кейін өңірдегі балалар санына сәйкес 90 қызметкер болмақ. Бұл бала құқықтарын қорғау жүйесін түбегейлі нығайтып, уақтылы әрекет етуге, қорғау және алдын алу функцияларын толық көлемде орындауға мүмкіндік береді. Жүйе салдарлармен емес, олардың алдын алумен айналысатын болады", деп жазады Динара Зәкиева.

Ол түзету бойынша жұмыс 2023 жылғы желтоқсан айында басталғанын еске салады.

"Нәтижесінде, түзету Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қолдауымен заң жобасына енгізіліп, Үкімет қорытындысына жіберілді. Үкімет тарапынан келісім алу біраз қиындық туғызды, өйткені біз үшін нормативті заңда бекіту маңызды-тын. Үкімет қорытындысымен жұмыс аясында 8 ай бойы біз әкімдіктермен қаржыландыру мәселесін, ал мемлекеттік органдармен жүзеге асыру тәсілдерін талқыладық. Түзету бірнеше рет қайта қаралып, пысықталды. Қайшы пікірлер көп болды: нормативті тек бұйрық деңгейінде бекітіп, ал заңда тек құзыреттілікті көрсету ұсынылып жатты. Алайда бұл оның орындалуына кепілдік бермес еді және ең бастысы, қызметкерлер қазіргідей қысқартуға ұшырауы мүмкін еді.Ұзақ талқылау, түрлі нұсқаларды қарау және ескертулердің бәрін ескере отырып пысықтаудан кейін, нормативті бекіту жөніндегі позиция ұсынылған редакцияда қолдау тапты.Алдағы уақытта бұл түзету Парламентте қаралады. Мәжіліс пен Сенаттың қолдауымен қабылданатынына сенімдімін", деп толықтарыд ол өз жазбасындағы сөзін.

Қамқоршылық органдары қызметкерлері санының артуы құқық бұзушылықтарға уақтылы әрекет етуге, жергілікті жерлерге баруға және бала құқықтарын қорғау функцияларын толық көлемде орындауға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, әкімдіктердің қолдауымен қамқоршылық қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға арттыру пысықталды. Оқыту да ұйымдастырылмақ.

"Кеше Астанада, Қостанай облысында қайғылы оқиғалар орын алды. Бұл орны толмас қайғы. Қылмыстық істер қозғалды, тергеу жүргізілуде. Отбасыларына көңіл айтамын. Бұндай салдарлардың алдын алу үшін бізге тиімді алдын-алу жүйесі қажет, ал бұл жүйеде қамқоршылық органдары маңызды рөл атқарады", делінген жазбада.

Айта кетсек, 17 қарашада Астанада екі қабатты тұрғын үйде өрт шығып, төрт бала қаза тапқаны белгілі болды.

Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: