Жеке немесе заңды тұлғаларды отандық спутниктік телерадио хабарларын тарату операторларының спутниктік қабылдау құрылғыларын сатып алуға ынталандыру спутниктік телерадио хабарларын тарату операторларының спутниктік қабылдау құрылғыларын өткізуге жұмсалатын шығындарының бір бөлігін субсидиялаудың мақсаты болып табылады.
Спутниктік телерадио хабарларын тарату операторлары шығындарының бір бөлігін субсидиялау:
- аудандық маңызы бар қалаларда, кенттерде, ауылдарда, ауылдық округтерде тұратын тұрғындар спутниктік қабылдау құрылғыларын сатып алған кезде;
- телерадио хабарларын тарату операторы теле-, радиоарналарды байланыс спутниктерінде орналастырылатын ретрансляторлар арқылы таратқан кезде;
- "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес телерадио хабарларын тарату саласындағы лицензиясы болған кезде;
- елу мыңнан аспайтын тұрғыны бар кемінде он елді мекенде меншік немесе пайдалану құқығында меншікті сату желісін иеленген кезде жүзеге асырылады.
Субсидиялау 3 (үш) жылдан аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
Уәкілетті орган спутниктік телерадио хабарларын тарату операторларынан келіп түскен өтінімдерді қарау үшін шығындарды субсидиялау не одан бас тарту туралы шешім қабылдау үшін өтінімдерді қарау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссияны құрады.
Комиссия мүшелердің тақ санынан, олардың ішінен төраға мен төрағаның орынбасары тағайындалатын кемінде 5 (бес) адамнан тұрады.
Комиссияның құрамы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен өзге де ұйымдар өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады.
Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, Комиссия отырыстарын өткізеді. Төраға болмаған кезде оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары орындайды.
Комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындауды Комиссия хатшысы жүзеге асырады. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды.
Комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы уәкілетті органның жұмыскерлері арасынан тағайындалады.
Субсидиялау тәртібі
Спутниктік телерадио хабарларын тарату операторларының спутниктік қабылдау құрылғыларын өткізуге арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялаудың басталғаны туралы ақпараттық хабарлама ресми бұқаралық ақпарат құралдарында және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.
Спутниктік қабылдау құрылғыларын өткізуді тікелей спутниктік телерадио хабарларын тарату операторы немесе оның ресми өкілі жүргізеді.
Субсидия алу үшін спутниктік телерадио хабарларын тарату операторы тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың 15 (он бесінші) күнінен кешіктірмей (төртінші тоқсан үшін 5 (бесінші) желтоқсаннан кешіктірмей) уәкілетті органға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша спутниктік телерадио хабарларын тарату операторларының спутниктік қабылдау құрылғыларын өткізуге арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялауға өтінімді қағаз нысанда қолма-қол береді.
Спутниктік телерадио хабарларын тарату операторы уәкілетті органға жіберілетін өтінімге:
- заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың көшірмесін;
- спутниктік қабылдау құрылғысын өткізудің бөлшек сауда бағасын растайтын коммерциялық ұсынысты;
- байланыс ақпаратын (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде), толық тұратын мекенжайын (облыс, қала (аудан), ауыл, көше, үй, пәтер), мобильдік телефон нөмірін) және өткізілген спутниктік қабылдау құрылғылары туралы деректерін (сериялық нөмірлері, моделі және сату күні) көрсете отырып, сатып алушылардың тізімін;
- тарату аумағында абоненттерге өткізілген спутниктік қабылдау құрылғылардың кассалық чектерін;
- сатып алу-сату шарттарының түпнұсқаларын;
- қабылдап алу-беру актілерінің түпнұсқаларын;
- абоненттердің сатып алынған спутниктік қабылдау құрылғылары үшін төлемді растайтын түбіртектің түпнұсқаларын;
- бақылау тетіктерін сипаттай отырып, субсидиялауға қатысатын тарату аумағы шеңберінде спутниктік қабылдау құрылғыларының өткізілуін бақылау жүйесін ұйымдастыру туралы мәліметтерді;
- өткізілген спутниктік қабылдау құрылғыларының телерадио хабарларын тарату сапасының техникалық параметрлеріне сәйкестігін растау туралы кепілхатты;
- өткізілген спутниктік қабылдау құрылғыларына кепілдіктің бар екені туралы кепілхатты;
- абоненттерде спутниктік қабылдау құрылғыларының бар екенін растайтын фотосуреттерді (кемінде 1080p ажыратымдылықта, түсірілім күні мен уақыты көрсетіле отырып);
- өткізілген спутниктік қабылдау құрылғыларының саны және субсидиялау сұралатын сомалар бойынша жинақталған деректерді қоса береді.
Жоғарыда санамаланған құжаттар тігіледі, нөмірленеді, спутниктік телерадио хабарларын тарату операторы басшысының (немесе оны алмастыратын адамның) мөрімен және қолтаңбасымен куәландырылады.
Келіп түскен өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттарды уәкілетті орган тіркейді.
Өтінім сәйкес келмеген және (немесе) спутниктік телерадио хабарларын тарату операторы құжаттар топтамасын ұсынбаған кезде, Комиссия өтінімде көрсетілген спутниктік телерадио хабарларын тарату операторының электрондық мекенжайына олар келіп түскен күннен кейін 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде хабарлама жібереді.
Хабарламаны алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде спутниктік телерадио хабарларын тарату операторы Комиссияға сәйкес келтірілген өтінімді және құжаттар топтамасын ұсынады.
Комиссия сәйкес келтірілген өтінімді және құжаттар топтамасын спутниктік телерадио хабарларын тарату операторы ұсынған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды.
Өтінім сәйкес келтірілмеген, сондай-ақ спутниктік телерадио хабарларын тарату операторы 5 (бес) жұмыс күні ішінде құжаттар топтамасын ұсынбаған кезде, Комиссия өтінімді қараудан бас тартады.
Бұйрық 2024 жылғы 7 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.