Антикордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдың 6 қаңтарында Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері өңірлік экология департаментінің басшысын ұстады.
"Шенеунік экология саласындағы рұқсат құжаттарын бергені үшін кәсіпкерден 2,5 млн теңге көлемінде пара алды деп күдікке ілінді. Ағымдағы жылдың 8 қаңтарында ол соттың санкциясымен қамауға алынды", делінген Антикор хабарламасында.
Тергеу жалғасуда, басқа адамдардың қатыстылығы тексерілуде.
Айта кету керек, 2024 жылдың 26 тамызында күдікті бизнесті қорғау жобасы аясында кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.
Ол кәсіпкерге қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы тоқсан сайынғы есеп беру туралы заңсыз талаптар қойған.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.