2026 жылғы 18 ақпанда қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру іс-шаралары мен келіп түскен материалдарды зерделеу барысында кәмелетке толмаған азаматтың түнгі ойын-сауық мекемесінде болғаны, сондай-ақ оның құқыққа қайшы әрекеттерге тартылғаны расталды.
"Аталған дерек бойынша қажетті құжаттар мен дәлелдемелер жинақталып, соның негізінде қатаң шаралар қабылданды. Кәмелетке толмағандарды, әсіресе түнгі ойын-сауық орындарында, қоғамға жат әрекеттерге тарту – заңды өрескел бұзу. Мұндай жағдайларға формалды түрде қарауға немесе ескерту жасаумен шектелуге болмайды. Егер кәсіп иесі заң талаптарын елемей, балалардың қауіпсіздігіне қатер төндірсе, мұндай нысанның қызметі тоқтатылады", – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Оның сөзінше, полиция бұл бағытта "нөлдік төзімділік" қағидатын ұстанады.
"Мәселе тек кәмелетке толмағандардың белгіленген уақыттан тыс жерде болуында емес. Бұл – қылмыс пен қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін қауіпті ортаның қалыптасуына жол беру. Мұндай салдар үшін мекеме иелері жауап береді", – деп атап өтті спикер.
Қазіргі уақытта түнгі клубтың қызметі тоқтатылды. Осыған ұқсас құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жалғасады.