Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтер меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан денсаулық сақтау субъектілері "Дәстүрлі медицина" кіші түрі бойынша медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болған кезде Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көрсетеді.
Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтерді халыққа жоғары медициналық білімі және/немесе "Дәстүрлі медицина (рефлексотерапия)", "Дәстүрлі медицина (Мануалды терапия)", "Дәстүрлі медицина (Су-джок терапия), "Дәстүрлі медицина (Гомеопатия)", "Дәстүрлі медицина (Гирудотерапия)", "Дәстүрлі медицина (Фитотерапия)" бойынша көп бейінді мамандандырулары және "Дәстүрлі терапия (рефлексотерапия, мануалды терапия, су-джок терапия, гомеопатия, гирудотерапия, фитотерапия)" және "Дәстүрлі медицина" мамандығы бойынша маман сертификаты бар маман жүзеге асырады.
Дәстүрлі медицина әдістерімен практиканы жүзеге асыратын медициналық персонал "Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және "Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №21443 болып тіркелген) сәйкес міндетті және мерзімдік медициналық қарап-тексерулерден өтеді.
Медициналық қызметке лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектілері меншік нысанына қарамастан дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық қызметтер көрсету үшін дәстүрлі медицина бейініне қарай дәстүрлі медицина кабинеттерін (рефлексотерапия, мануалды терапия, гирудотерапия, гомеопатия фитотерапия және табиғатта жаралған заттармен емдеу кабинеттерін) ұйымдастырады.
Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық көрсетілетін қызметтер меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан медициналық көмек көрсетудің бірінші, екінші және үшінші деңгейлердегі денсаулық сақтау ұйымдарының амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларында және санаторийлік-курорттық ұйымдарда көрсетіледі.
Дәстүрлі медицина әдістерімен медициналық қызметтер көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:
- дәстүрлі медицина әдістерін қолдана отырып қауіпсіз және сапалы медициналық көмек көрсету;
- бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес дәстүрлі медицина әдістерін қолдана отырып халыққа медициналық көмек көрсету;
- дәстүрлі медицина әдістерімен аурулардың профилактикалық, денсаулықты нығайту және пациенттердің ағзаларының бейімделу мүмкіндіктерін арттыру;
- ауруларды кешенді емдеу және оңалтуда дәстүрлі әдістерді пайдалану;
- пациенттердің құқықтарын сақтау, дәстүрлі медицина әдістері, қарсы көрсетілімдері және емдеудің ықтимал нәтижелері туралы хабардар ету;
- мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру;
- халық арасында ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізу;
- санитариялық-эпидемиологиялық талаптар мен медициналық қызмет стандарттарын сақтау.
Амбулаториялық жағдайларда дәстүрлі медицина әдістерімен мынадай медициналық қызметтерді көрсетуге рұқсат етіледі:
- рефлексотерапия;
- мануалды терапия;
- гирудотерапия;
- гомеопатия
- фитотерапия және табиғатта жаралған заттармен емдеу.
Осыған ұқсас қызметтер санаторий-курорттық ұйымдарда да көрсетілуі мүмкін.
Ережелер сонымен қатар үй-жайларды күтіп ұстауға және рәсімдер мен штаттық кестеге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
Бұйрық 2026 жылғы 5 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.