Жұлдыздар жасаған жарнамаға сеніп, онлайн курсты сатып алғандардың бірі – көпбалалы ана Сәуле Құсбекова. Танымал тұлғалар мақтауын асырған соң, қызым ағылшын тілін жетік меңгеріп шығады деп үміттенген. Тіпті ондағылар қосымша тағы бір шет тілін тегін үйретеміз деп уәде етіпті. Алайда бір айдан кейін сабақ тоқтап қалған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
"420 000 теңгеге алты ай оқуды екі жылға бөліп төлеумен алдым. Сабақтары бір ай жақсы өтіп жүрді. Біз қайта-қайта сұрап, хабарлама жаздық. "Сабақ қашан өтеді, қай уақытта басталады" деп. Біршама уақыттан кейін сабақ мүлдем тоқтатылды. Ешқандай жауап жоқ". Сәуле Құсбекова
Сорақысы, осында істейтін педагогтарға да кесірі тиіп, олардың бір айлығы, еңбекақысы да өтелмепті. 50-ден аса мұғалімге еңбекақы төленбеген көрінеді. Халықты қызықтыру үшін орталық басшылығы оқырманы көп жұлдыздарды таңдап алып, жарнама жасатыпты. Академия басшылығына қазір сол әнші, актер, блогерлерің өздері де өкпелі. Мәселен, әнші Айгүл Иманбаева "курстың сертификатын көріп барып жарнама жасадым" десе, Жанар Айжанова "видеомды рұқсатсыз таргетке жіберді" деп отыр. Ал Еркебұлан Тоқтар сол кезде орталық жұмыс істеп тұрған соң, өз парақшасында курс туралы ақпарат жариялауға келіскен.
"Талпын" академиясының бұл ретте мынаны айтады:
"Кейінгі кездері орталық қаржы қиындықтарына тап болды. Соның салдарынан оқу процесін толық көлемде жалғастыруда қиындық туды. Сабақтың тоқтап қалғанын жоққа шығармаймыз. Кейбір мұғалім бір жыл бойы уақтылы алып жүрген жалақысын соңғы айда ала алмай қалды. Жалақы мәселесі бір-екі ай көлемінде толық шешіледі. Компания тарапынан өтпей қалған сабақтардың ақшасы қайтарылады немесе курсты жалғастырамыз".
Бірақ сан соққан жұрт бұған сенбей, полицияға жаппай арыз түсірді. Солайша қылмыстық іс қозғалған.
"ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бір емес, бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша. Міндетті түрде тіл курсының басшылығы анықталып, оның іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі". Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі
"Талпын академиясына алдандық" дегендердің саны бүгінде 300-ге жуық. Олар тек Алматыда емес, еліміздің әр өңірінде бар. Егер жұртқа тіл үйретпек болғандардың кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.