Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Маңғыстау облысы полиция департаментіндегі әріптестерімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен ер адамды ұстады.
"Полиция қызметкерлері 41 жастағы азаматтың ізіне түсіп, оның Жамбыл облысынан Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырғанын анықтады. Тыйым салынған жүкті тасымалдау үшін жүк тасымалдау қызметтері пайдаланылып, есірткілер қарапайым сәлемдеме ретінде жасырылған. Күдікті Ақтау қаласында сәлемдемені алып жатқан сәтінде қылмыс үстінде ұсталды. Сәлемдемені тексеру барысында полиция қызметкерлері ішінде өсімдік тектес зат салынған екі қапты анықтады. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың кептірілген марихуана екенін растады. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 33,5 келіден асты", делінген 2026 жылғы 27 маусымдағы полиция хабарламасында.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, аталған есірткі партиясы еліміздің батыс өңірлерінде одан әрі таратылуға арналған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Есірткі жеткізу арнасының жолын кесу нәтижесінде ірі көлемдегі тыйым салынған заттардың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.
Бұған дейін ШҚО-да есірткі өткізумен айналысқан күдікті қылмыс үстінде ұсталғанын жазғанбыз.