Екінші деңгейлі банктер, Қазақстанда резидент емес банктердің филиалдары, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру ұйымдары, резидент емес сақтандыру ұйымдарының филиалдары, бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызмет көрсететін ұйымдар және микроқаржы ұйымдары талаптар күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде қаржы өнімдерінің белгіленген талаптарға сәйкестігіне жоспардан тыс мониторинг жүргізуі тиіс.
Тексеру нәтижесінде қаржы ұйымы:
- егер қаржы өнімі талаптарға сәйкес келмесе, оның шарттарына қажетті өзгерістер енгізіп, бұл туралы уәкілетті органға хабарлайды;
- ал өнім талаптарға сәйкес келсе, бағалау нәтижесін құжат жүзінде тіркейді.
Тексеру нәтижелері қаржы ұйымында кемінде бес жыл сақталуы тиіс. Уәкілетті орган сұратқан жағдайда осы құжаттар ұсынылады.
АРРФР түсіндіруінше, жаңа талаптардың негізгі бағыттарының бірі – тәуекелге негізделген мінез-құлықтық қадағалауды енгізу. Бұл модель қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қаржы ұйымымен қарым-қатынастың барлық кезеңінде қорғауға бағытталған.
Қабылданған талаптар осы заңнамалық өзгерістерді жүзеге асыруға арналған негізгі нормативтік актілердің бірі болып табылады. Құжатта халықаралық қаржы нарығын реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау тәжірибесі ескерілген.
Талаптардың мақсаты – жеке тұлғалардың қаржылық қызмет тұтынушысы ретіндегі құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Бұл қаржы өнімін әзірлеуден бастап, оны ұсыну, сүйемелдеу және қызмет көрсетуді тоқтатуға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Жаңа талаптарға сәйкес қаржы ұйымдары:
- қаржы өнімін пайдаланатын мақсатты тұтынушылар тобын анықтауы;
- тұтынушылар үшін туындайтын тәуекелдерді бағалауы;
- өнім шарттарының түсінікті болуын қамтамасыз етуі;
- өнімді ұсынбас бұрын оның тұтынушының қажеттілігі мен мақсатына сәйкес келетінін бағалауы тиіс.
Сонымен қатар қаржы өнімдеріне тұрақты мониторинг жүргізу енгізіледі. Қаржы ұйымдары тұтынушылардың өтініштерін, келісімшарттардың мерзімінен бұрын тоқтатылуын және басқа да көрсеткіштерді талдап, өнімдегі ықтимал кемшіліктерді дер кезінде анықтап, қажетті өзгерістер енгізуі керек.
Бұдан бөлек, қаржы өнімдерін жарнамалау мен ілгерілетуге де талаптар қойылады. Жарнамада өнімнің сипаттамасы, құны және тәуекелдері туралы толық ақпарат болуы және тұтынушыны жаңылыстырмауы тиіс.
Құжат сондай-ақ тұтынушылардың мүддесіне қайшы әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Оған қаржы өнімінің маңызды шарттарын жасыру немесе бұрмалау, қосымша қызметтерді мәжбүрлеп ұсыну және өнімнің құны туралы ақпаратты бұрмалау жатады.
Қаулы 12 қазаннан бастап күшіне енеді.