Сотталушы марқұмның ата-анасынан кешірім сұрап, қылмысқа қорғану үшін барғанын айтып ақталды. Ал жәбірленуші деп танылған қаралы отбасы кешірім бермейтінін кесіп айтып, қылмысқа барған бозбаланың қатаң жазалануын талап етті, деп хабарлайды КТК.
"Мен қорқып кеттім, көліктен қорғануға болатын нәрсені іздей бастадым. Алдыңғы қорапты ашқанда пышақты көрдім. Оны қорғану үшін қалтама салып алдым. Көлікке отырғалы тұрған кезде маған қарай шамамен 15 жігіттің жүгіріп келе жатқанын көрдім. Осы кезде Әлихан менің қолымнан ұстап алды, қалғандары жабыла кетті. Менің өлгім келмеді немесе мүгедек болып қалуым мүмкін деп қорықтым, содан пышақтадым", – деді сотталушы сотта.
Қанды оқиға жарты жыл бұрын Шалқар қаласында болды. Наурыз айының ортасында бозбалалар екі топқа бөлініп жаппай төбелескен. Бұны Оралда оқып жүрген жерінен естіген сотталушы, арнайы Шалқарға келеді. Қалтасына аңшы пышағын салып алып, қасына досын ертіп, анасының көлігімен шығады. Жолай кездескен екі оқушыны ұстап, ұрып-соғып, оны видеоға түсіреді. Араша түсуге келген марқұм Әлихан Жәнібектің жүрек тұсына пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен. 11-сынып оқушысы сол жерде жан тапсырды. Ал пышақтаған студент бұрын да істі болған. Бір жыл бұрын бір адамды соққыға жыққаны үшін жазаға тартылыпты. Марқұмның туыстары сотталушының қанды қылмысқа өшпенділіктен барғанына сенімді.
"Дәлме-дәл, бір-ақ жарақат салып өлтіріп тұр ғой. Қандай шеберлікпен, не істеуі мүмкін адам! Ол ойламаған жерден ұрған адам, білмеймін, жүрегіне дәл қадап, бір ұрып өлтірді. Ондайға міндетті түрде тәжіребиесі болу керек. Тәжірибесіз тәрбиесіз адам не істей алмайды?! Біздің баламыз қыршыннан қиылып отыр. Көретін қызығының бәрін...". Ағила Алиманова, марқұмның туысы
Бұған дейін Атырауда тоқ соғып, жұмысшының қол-аяғынан айырылғанын жазғанбыз.