Техникалық регламент футбол қақпаларына, мини-футбол және гандбол қақпаларына, сондай-ақ шөптегі хоккей қақпаларына қолданылады.
Құжат Қазақстан Республикасының аумағында спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру жабдықтарының қауіпсіздігіне қойылатын ең төменгі және міндетті талаптарды, сондай-ақ оларды жобалау, өндіру, монтаждау, пайдалану, сақтау, тасымалдау және кәдеге жарату процестеріне қойылатын талаптарды белгілейді.
Регламент адамның өмірін және денсаулығын, мүлікті, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ сатып алушыларды (тұтынушыларды) жабдықтың қауіпсіздігіне қатысты жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу мақсатында әзірленген.
Бұл ретте құжат мүгедектігі бар спортшының жаттығу және жарыс қызметінің қажетті құрамдас бөлігі болып табылатын, организмнің бұзылған немесе жоғалған функцияларының орнын толтыратын арнайы спорттық жабдықтар мен арнайы спорттық құралдарғақолданылмайды.
Қазақстанда жабдық техникалық регламент талаптарына сәйкес болған жағдайда ғана айналымға шығарылады.
Сатылатын және импортталатын жабдық:
- қауіпсіз болуы, оның сақтау немесе жарамдылық мерзімі (бар болса) өтпеуі, ыдысы мен қаптамасы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес бұзылмаған болуы және пайдалану құжаттарының толық жиынтығымен қамтамасыз етілуі;
- тұтынушыға арналған ілеспе құжаттармен (пайдалану жөніндегі нұсқаулық, паспорт, сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларация, техникалық немесе нормативтік құжаттама) қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл құжаттар ықтимал зиян келтіру тәуекелдерін бағалауға және тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауға мүмкіндік беруі қажет;
- сатушыларға оларды өткізу кезіндегі іс-қимыл тәртібі және тұтынушылардың шағымдарын тіркеу тәртібі туралы ақпарат берілуі тиіс.
Жабдықты жобалау кезінде есептеулер мен сынақтар арқылы расталатын мынадай қауіпсіздік талаптары қамтамасыз етілуі тиіс:
- Жабдықты пайдалану кезінде туындайтын қауіп деңгейі пайдаланушылардың нысаналы жас тобы ескеріле отырып есептеледі.
- Паспорт әзірлеу жабдықты жобалаудың ажырамас бөлігі болып табылады. Жабдық пайдалануға берілгеннен кейін оның паспорты тапсырыс берушіде сақталады
Жабдықты өндіру кезінде қолданылатын материалдар:
- пайдалану барысында адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға зиянды әсер етпеуі;
- өте жоғары немесе өте төмен температуралы климаттық аймақтарда пайдаланушының терісімен жанасқан кезде термиялық күйікке әкелмеуі;
- тез тұтанатын материалдарға жатпауы;
- жану өнімдерінің уыттылығы бойынша аса қауіпті материалдарға жатпауы; қасиеттері жеткілікті зерттелмеген материалдарға жатпауы тиіс.
Жабдық конструкциясына қойылатын талаптар:
- беріктікті, тұрақтылықты, қаттылықты және өзінің қалпының өзгермейтіндігін қамтамасыз етуі;
- ортаның агрессивтілік дәрежі мен пайдаланылатын материалдардың төзімділігін ескере отырып, коррозиядан және ескіруден қорғалуы;
- ұшы немесе жиегі өткір шығып тұрған элементтерден ада болуы;
- пайдаланушыға жарақат келтіруі мүмкін кедір-бұдыр беттерінің болмауы;
- бұрандалы қосылыстардың шығып тұрған ұштарын қорғауы;
- дәнекерленген жіктері тегіс болуы;
- пайдаланушыларға қолжетімді жабдық бөліктерінің барлық бұрыштары мен жиектері дөңгеленген болуы;
- арнайы құралдарды қолданбай бөлшектеу мүмкіндігін болдырмауы;
- мерзімді қызмет көрсетуге немесе ауыстыруға жататын жабдық элементтеріне (құрамдастарына) рұқсатсыз қол жеткізуден қорғауы;
- жабдық элементтерінің көлденең қимасының өлшемдері балалардың оларды ұстап алу мүмкіндігін қамтамасыз етуі;
- қозғалмалы элементтердің арасында, сондай-ақ қозғалмалы және қозғалмайтын элементтер арасында қысатын немесе кесетін беттердің пайда болуына жол бермеуі;
- жабдықтың қозғалмалы элементтері мен ойын алаңының беті арасында қауіпсіз қашықтықты қамтамасыз етуі;
- адамның денесінің, дене бөліктерінің немесе киімінің қысылып не тұрып қалуына жол бермеуі;
- пайда болатын жүктемелерге қажетті көтергіш қабілетке ие болуы тиіс.
Жабдықта мынадай ақпаратты қамтитын таңбалау болуы тиіс:
- жабдықтың атауы;
- тұтынушылық қасиеттері;
- тауардың жарамдылық мерзімі;
- конструкцияны монтаждау және бекіту тәртібі;
- пайдалану қағидалары; дайындаушы және (немесе) дайындаушы уәкілеттік берген тұлға және (немесе) жабдықты импорттаушы туралы ақпарат (компаниялардың атауы, заңды мекенжайлары);
- тауарға Қазақстан Республикасының немесе Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің заңнамасына сәйкес рұқсат беру құжаттарының (сертификаттардың/декларациялардың) алынғанын растайтын айналым белгісі.
Жабдықтың ілеспе құжаттамасы мен таңбалануы қазақ және орыс тілдерінде орындалады.
Бұйрық 2027 жылғы 17 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Алайда жабдықты шығаруға дайындық жұмыстарын талап ететін жекелеген нормалар бұл мерзімге кірмейді.
Сонымен қатар техникалық регламент алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізілмеген талаптар техникалық регламент алғаш ресми жарияланған күннен бастап он екі айдан кешіктірілмей қолданысқа енгізілуі тиіс.
Бұған дейін Астанада жаттығу кезінде футбол қақпасының балаға құлап кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.