Енді қағидалар сот сараптамасы органында ғана емес, жеке сот сарапшылары жүргізетін сараптамалардың құнын айқындау тәртібін де белгілейді.
Сот сараптамасының құнын анықтау кезінде сараптаманың түрі мен күрделілік санатына қарай оны жүргізуге қажетті уақыт нормативтері қолданылады.
Сот сараптамасы органында сараптама құны қалай анықталады
Сот сараптамасы органында сараптама жүргізу құны сараптаманың түрі мен күрделілік санатына қарай белгіленген уақыт нормативтері негізінде есептеледі. Оған сарапшының еңбегіне ақы төлеу және соған байланысты аударымдар, материалдық шығындар, әкімшілік-шаруашылық шығыстар кіреді.
Сот сараптамасы органы сарапшысының еңбегіне ақы төлеу шығыны сараптаманы жүргізу уақытының нормативін орташа сағаттық тарифтік мөлшерлемеге көбейту арқылы анықталады.
Еңбекақыға байланысты аударымдар еңбекақы төлеу шығынына салықтар мен міндетті төлемдердің мөлшерлемелерін қолдану арқылы есептеледі.
Материалдық шығындар химиялық реагенттерге, шығыс материалдарына, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың стандартты үлгілеріне, сондай-ақ сот сараптамасын жүргізу әдістемелерінде пайдалану көзделген және бекітілген шығыс нормаларына сәйкес өзге де материалдарға нақты қажеттілік негізінде айқындалады.
Әкімшілік-шаруашылық шығыстарға коммуналдық қызметтер, ғимараттар, үй-жайлар мен инженерлік инфрақұрылымды күтіп ұстау, жабдықтарды пайдалану және қызмет көрсету, негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациясы, әкімшілік-басқару персоналының қызметін қамтамасыз ету және сот сараптамасы органының жұмысын қамтамасыз етуге қажетті басқа да шығындар кіреді.
Әкімшілік-шаруашылық шығыстар сот сараптамасын жүргізу уақыттарының нормативтеріне пропорционалды түрде немесе тиісті есептік кезеңде жүргізілген сот сараптамаларының жалпы санына қарай бөлінеді.
Сот сараптамасы органының сарапшы қорытындысына сараптама жүргізу құнының есебі қоса беріледі.
Жеке сот сарапшыларының сараптама құны қалай анықталады
Жеке сот сарапшылары жүргізетін сот сараптамасының құны тек бюджет қаражаты есебінен төленген жағдайда қолданылады. Егер сараптама жүргізу шығындары тараптарға жүктелсе, оның құны шарт негізінде анықталады.
Жеке сот сарапшысы жүргізетін сот сараптамасының құны сараптаманың түрі мен күрделілік санатына қарай белгіленген уақыт нормативтері, сарапшының сыйақы мөлшерлемесі және нақты сараптама жүргізуге тікелей байланысты расталған шығындар негізінде есептеледі.
Расталған шығындарға мыналар жатады:
материалдық шығындар – химиялық реагенттер, шығыс материалдары, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың стандартты үлгілері, қосалқы материалдар (кеңсе тауарлары, шаруашылық заттары және тағы басқалар);
ілеспе шығындар – коммуналдық шығындар, байланыс қызметтері, үй-жайды жалға алу және тағы басқалар;
амортизациялық аударымдар – нақты сот сараптамасын жүргізу кезінде пайдаланылатын негізгі құралдар мен материалдық емес активтер бойынша.
Расталған шығындар олардың нақты жұмсалғанын және тиісті сот сараптамасын жүргізуге тікелей байланысты екенін растайтын құжаттар болған жағдайда ғана сараптама құнына енгізіледі.
Нақты сот сараптамасын жүргізуге тікелей қатысы жоқ шығындарды оның құнына енгізуге жол берілмейді.
Егер жеке сот сарапшылары сот сараптамасын жүргізу кезінде арнайы жабдықтарды, зертханалық зерттеулерді, мамандандырылған бағдарламалық жасақтаманы және шығыс материалдарын пайдаланса, тиісті шығындар расталған шығындар құрамына енгізіледі.
Сонымен қатар бірнеше дербес объект зерттелсе немесе сот сараптамасының әртүрлі түрлеріне жататын мәселелер шешілсе, сараптама құны әрбір зерттеу объектісі немесе сот сараптамасының тиісті түрі үшін белгіленген уақыт нормативтері ескеріле отырып анықталады.
Жеке сот сарапшысының қорытындысына сараптама құнының есебі қоса беріледі.
Қосымша сот сараптамасының құны қосымша зерттеулердің көлемі, қойылған сұрақтардың саны және оларды шешуге қажетті уақыт нормативі негізінде анықталады.
Қайталама сот сараптамасының құны жалпы тәртіппен белгіленеді.
Комиссиялық немесе кешенді сот сараптамасын жүргізу кезінде оның құны уақыт нормативі, күрделілік санаты, зерттеу объектілерінің саны, материалдардың көлемі, қатысатын сот сарапшыларының саны және расталған шығындар ескеріле отырып анықталады.
Бұйрық ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі.