ҚР Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған конгресс 119 мемлекеттің, оның ішінде әлемнің 40-тан астам елінің бас прокуратуралары, әділет және ішкі істер министрліктерінің бірінші басшыларын, халықаралық ұйымдар мен сарапшылық қоғамдастық өкілдерін біріктіріп, қылмыстың алдын алу, қылмыстық сот төрелігі және заң үстемдігін нығайту мәселелері жөніндегі әлемдік деңгейдегі негізгі алаңдардың бірі болып табылады.
Пленарлық отырыста бейнеүндеу арқылы сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі "Заң мен Тәртіп" қағидатына негізделген қазақстандық тәсілді таныстырды.
Оның мазмұны құқық қорғау органдары қызметінің шеңберінен шығады:
- бұл заңды құрметтеуді,
- құқық бұзшылықтарға төзбеушілікті
- жеке жауапкершіліктің күнделікті қалыпты қағидаға айналатын қоғамдық ортаны қалыптастыруды көздейді.
Қоғамдық орындарда тәртіп орнату, көгалдандыру және табиғатқа ұқыпты қарау, еріктілікті, қайырымдылық пен жауапты патриотизмді дамыту жөніндегі жалпыұлттық бастамалар да осы ұстанымға сәйкес келеді. Қазақстан заңдылық, әділдік, ынтымақтастық және адамға құрмет қағидаттарына басымдық беріп отыр.
"Заманауи мемлекет қауіптің қылмысқа ұласпай тұрып, оны алдын ала көре білуге тиіс", – деді Берік Асылов.
Қазақстан қылмыстық процесті іс жүзінде толықтай цифрлық ортаға көшіріп, криминалдық тәуекелдерді талдау және болжау құралдарын жүйелі түрде дамытып келеді.
Бұл тәсіл Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы, прекурсорлардың айналымын мониторингілеу және есірткі ахуалын талдау жөніндегі Таргетинг-орталық, сондай-ақ интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Антифрод-орталық арқылы іске асырылуда.
Осылайша, құқық қорғау жүйесінің негізгі назары біртіндеп қылмыстың салдарына ден қоюдан қауіп-қатерлерді ерте анықтау мен олардың алдын алуға ауысуда.
Қадағалау органының басшысы қылмыстың алдын алудың әлеуметтік және экономикалық құрамдас бөліктеріне де жеке тоқталды. Қазақстан инвесторларды қорғау тетіктерін жүйелі түрде жетілдіріп, неғұрлым болжамды реттеуші ортаны қалыптастыруда.Халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстан қылмыстылықты алдын алу бойынша мемлекеттер арасындағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуді қолдайды.
Қазақстан ұсынған тәсілдер БҰҰ Конгресінің Доха және Киото декларацияларының ережелеріне сәйкес келеді.
Қазақстандық делегация Конгресс алаңдарындағы жұмысын, оның ішінде тақырыптық отырыстар мен екіжақты кездесулерді жалғастырады. Негізгі назар практикалық шешімдермен алмасуға, трансұлттық қылмыстың алдын алуға және құзыретті органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға аударылады.
БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі конгресі 1955 жылдан бері бес жылда бір рет өткізіліп келеді. Жеті онжылдық ішінде ол қылмыстың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі саласындағы халықаралық тәсілдерді қалыптастыратын жаһандық алаңға айналды.
Бұған дейін Қазақстанда цифрлық деректерді басқару талаптары бекітілгені хабарланған.