Атап айтқанда, қағидаларға жаңа ұғым енгізілді.
- Бірыңғай байланыс орталығы – мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға. Ол қызмет алушыларға мемлекеттік және өзге де қызметтерді көрсету мәселелері бойынша ақпарат беретін анықтамалық қызметтің, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету мәселелері бойынша ақпарат ұсынатын ұйымның функцияларын атқарады.
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсетушінің жауапты қызметкері ұсынылған құжаттар мен ондағы мәліметтердің толықтығын тексеретіні нақтыланды.
Құжаттар топтамасы толық болған жағдайда қызмет көрсетуші оларды заңнама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды. Нәтижесінде лицензия беру немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді түрде бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Бас тартуға негіз болған жағдайда қызмет көрсетуші қызмет алушыға оның себептерін көрсете отырып, дәлелді бас тарту жолдайды.
Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған кезде қызмет алушымен тыңдау рәсімі өткізілмейді.
Бұдан бөлек, қағидаларға жаңа тармақтар қосылды.
Енді мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін тоқтата тұру қызмет көрсетуші қызмет алушыға бұл туралы хабарлама жіберген күннен басталады. Ал қызмет көрсету процесін қайта бастау туралы шешім қабылданған күннен бастап мерзімнің өтуі жалғасады.
Қызмет көрсетуші мынадай жағдайларда мемлекеттік қызмет көрсету процесін тоқтата тұрады:
- азамат қайтыс болғанда (оның ішінде қайтыс болды деп жарияланғанда) немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылғанда не таратылғанда, егер қызмет алушының тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктерді алу құқығы құқық мирасқорлығына жол берсе;
- азамат әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылғанда;
- мемлекеттік органдарда, сотта немесе өзге де тәртіппен қаралып жатқан мәселелер шешілгенге дейін мемлекеттік қызмет көрсету мүмкін болмағанда.
Анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін қызмет алушы мемлекеттік қызмет алу үшін өтінішті қайтадан мемлекеттік қызмет көрсету процесі тоқтатылған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде ұсынуы керек.
Мемлекеттік қызмет көрсету процесі мынадай мерзімдерге тоқтатыла тұрады:
- Қағидалардың 9-2-тармағының 1 және 2-тармақшаларында көзделген жағдайларда – тиісті тұлғаның құқық мирасқоры анықталғанға немесе әрекетке қабілетсіз адамға қамқоршы тағайындалғанға дейін;
- 9-2-тармақтың 3-тармақшасында көзделген жағдайда – мемлекеттік орган өз ұстанымын білдіргенге, сот актісі заңды күшіне енгенге немесе мәселе заңнамада көзделген өзге тәртіппен шешілгенге дейін;
- 9-2-тармақтың 4-тармақшасында көзделген жағдайда – анықталған кемшіліктер жойылғанға дейін.
Бұл ретте қызмет көрсету процесін тоқтата тұру мерзімі мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзімінен, яғни бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Сондай-ақ қызмет алушының өтініші бойынша немесе қызмет көрсетушінің бастамасымен мемлекеттік қызмет көрсету процесін мынадай жағдайларда тоқтата тұру көзделген:
- қызмет көрсету процесін жалғастыруға уақытша кедергі келтіретін еңсерілмейтін күш жағдайлары туындағанда. Бұған төтенше жағдай енгізілуі, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай қаупінің туындауы не оның орын алуы жатады;
- қызмет алушы мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінен асатын уақытқа іссапарда немесе медициналық ұйымда стационарлық емдеуде болғанда. Бұл талап қызметті оның заңды өкілдері алатын жағдайларға қолданылмайды.
Егер қызмет алушы ұсынған өтініш пен құжаттарда қателер немесе дәлсіздіктер анықталса, олардың нысаны мен мазмұны талаптарға сәйкес келмесе немесе құжаттар топтамасы толық болмаса, қызмет көрсетуші өтінішті цифрлық күту парағы арқылы қабылдайды.
Анықталған кемшіліктерді жою үшін бір жұмыс күні беріледі. Бұл уақыт мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзіміне кірмейді.
Егер қызмет алушы кемшіліктерді жойса, мемлекеттік қызмет алу үшін өтініш немесе құжаттар алғаш тапсырылған күн оларды қабылдау күні болып есептеледі.
Кемшіліктер жойылған сәттен бастап мемлекеттік қызмет көрсету мерзімінің өтуі қайта жалғасады.
Егер қызмет алушы мемлекеттік қызмет көрсету процесі тоқтатылған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде кемшіліктерді жоймаса, қызмет көрсетуші өтінішті қабылдаудан бас тартады.
Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған жағдайда қызмет көрсетуші оның себептерін көрсете отырып, өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) қол қойылған электрондық құжат түрінде жауап жолдайды.
Қызмет алушы бас тартуға себеп болған кемшіліктерді жойғаннан кейін мемлекеттік қызметті алу үшін қайта өтініш беруге құқылы.
Бұйрық 2027 жылғы 24 қаңтардан бастап күшіне енеді.