Құжатта заңды және жеке тұлғалардың жаңадан салынған, жаңғыртылған, реконструкцияланған газ құбырларын және газ тұтыну жүйелерін қоса алғанда, газбен жабдықтау жүйелерінің нысандарын газ тарату жүйесіне қосу тәртібі көзделген. Сондай-ақ бос қуат болмаған жағдайда қосылатын тұтынушылардың қосымша жүктемесін қамтамасыз ету үшін газ тарату жүйесінің нысандарын жаңғырту немесе реконструкциялау, сондай-ақ мұндай қосылудың технологиялық схемасын өзгерту газ тарату ұйымы тарапынан тұтынушылардың есебінен жүзеге асырылады.
Газ тарату жүйесіне қосу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
- газ тарату жүйесіне жобалау және қосу үшін техникалық шарттарды алу мақсатында өтініш беруші осы нысанды пайдаланатын газ тарату ұйымына өтініш жолдайды;
- өтінішті қарау нәтижесі бойынша газ тарату ұйымы техникалық шарттарды береді немесе бас тарту себептерін негіздей отырып, оларды беруден бас тартады;
- техникалық шарттарды алғаннан кейін өтініш беруші мердігер ұйымды өзі таңдайды және газ тұтыну жүйелерін немесе газ тарату жүйелерінің нысандарын жобалау және салу (жаңадан салу, реконструкциялау, жаңғырту) қызметтерін көрсету туралы тиісті лицензиясы бар ұйымдармен шарт жасасады;
- құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін өтініш беруші газ тарату ұйымына жұмыстардың аяқталғаны туралы хабарлап, төмендегі құжаттар топтамасын ұсынады:
- тұрмыстық тұтынушы тарапынан – газбен жабдықтау жобасы, газ тұтынатын жабдықтың паспорты, газ тұтыну жүйесін пайдалануға қабылдау актісі, газ құбырының құрылыс паспорты, желдету арналары мен түтін мұржаларын тексеру актісі, сондай-ақ газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету туралы жасалған шарт болуы қажет;
- басқа тұтынушылар тарапынан – газбен жабдықтау жобасы, газ тұтынатын жабдықтың паспорты, газ тұтыну жүйесін пайдалануға қабылдау актісі, газ құбырының құрылыс паспорты, желдету арналары мен түтін мұржаларын тексеру актісі, газбен жабдықтау жүйелері нысандарының қауіпсіз пайдаланылуына жауапты адамды тағайындау туралы бұйрық, сондай-ақ газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету туралы жасалған шарт болуы қажет. Егер олардың газ тұтыну нысандары Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 24-бабының 38) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін құрылыс нысандарының техникалық күрделілігін айқындау қағидалары бойынша техникалық және (немесе) технологиялық тұрғыдан күрделі нысандарға жатқызылса, мұндай тұтынушылар газ беруге дайын екенін растайтын құжаттарды ұсынады;
- өтініш беруші нысанның жұмыстары аяқталғаны және қосылуға дайын екені туралы хабарлағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде газ тарату ұйымы газбен жабдықтау жүйесі нысанының қосылуға дайындығын және берілген техникалық шарттарға сәйкестігін тексереді;
- жеке және заңды тұлғалардың газбен жабдықтау жүйелері нысандарын газ тарату жүйесіне қосу газ тарату ұйымы тарапынан осындай тұтынушылардың есебінен үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады;
- тұрмыстық тұтынушылардан басқа тұтынушыларды қоспас бұрын газ тарату ұйымымен тауарлық газды бөлшек саудада өткізу туралы шарт жасалады. Тұрмыстық тұтынушылармен шарт абонент алғаш рет нақты қосылған сәттен бастап жасалған болып есептеледі;
- абонентті қосу кезінде газ тарату ұйымы қосылу (технологиялық қосылу) актісін, тараптардың баланстық тиесілігін және пайдалану жауапкершілігін ажырату актісін рәсімдейді;
- газ шығынын есепке алу аспаптарына бастапқы көрсеткіштерін тіркей отырып, пломба салынады.
Газ тарату жүйесіне техникалық шарттар алмай және газ тарату ұйымымен тауарлық газды бөлшек саудада өткізу туралы шарт жасаспай қосылу тұтынушыға тауарлық газ беруді тоқтата тұруға негіз болатыны көрсетілген.
Сонымен қатар, мынадай құжаттар да бекітілді:
- газ тарату жүйесіне жобалау және қосу жөніндегі техникалық шарттар;
- тұтынушылардың газбен жабдықтау жүйелері нысандарының газ тарату жүйесіне қосылуға дайындығын тексеру тәртібі.
Бұйрық 2026 жылғы 27 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.