Қазақстанда газ өндірушілерге жаңа талап енгізілді: енді өндіріс паспорты міндетті болады
Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Қағидаларда мынадай ұғымдар айқындалған:
- өндіруші – тауарлық газды, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндірумен айналысатын заңды тұлға;
- өндіріс паспорты – өндірушінің өндірістік қуат көрсеткіштері мен негізгі сипаттамаларын қамтитын, өндірістің технологиялық процесін сақтау үшін қолда бар жабдықты пайдалану тәртібін реттейтін белгіленген нысандағы құжат.
Құжатты өндірушінің өзі әзірлейді, ал оны уәкілетті орган – Энергетика министрлігі бекітеді. Паспорт үш күнтізбелік жылға беріледі.
Паспорт алу үшін кәсіпорын уәкілетті органның кеңсесіне өзі барып немесе хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы еркін нысанда өтініш береді.
Өтініште мыналар көрсетілуі керек:
- өндірушінің атауы;
- бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
- заңды мекенжайы;
- зауыттың мекенжайы.
Өтінішке мына құжаттар қоса тіркеледі:
- басшы қол қойған, нөмірленген және тігілген паспорттың үш данасы;
- техникалық құжаттама (объектіні пайдалануға қабылдау актісі, технологиялық регламент және авариялық жағдайларды жою жоспары).
Министрлік құжаттарды 15 жұмыс күні ішінде қарайды. Паспорт нысан талаптарына сәйкес болған жағдайда бекітіліп, оның екі данасы өндірушіге жіберіледі.
Ескертулер болған жағдайда өндіруші оларды 10 жұмыс күні ішінде түзетуі керек. Одан кейін құжаттарды қайта қарауға тағы 10 жұмыс күні беріледі.
Өндіруші тауарлық газды, сұйытылған мұнай газын және сұйытылған табиғи газды өндіру мен жөнелту туралы ақпаратты уәкілетті органға 90 күнтізбелік күннен астам уақыт ұсынбаған жағдайда, өндіріс паспорты кері қайтарып алынады.
Паспортты кері қайтарып алу туралы хабарлама 20 күнтізбелік күн ішінде тапсырысты хатпен жіберіледі. Құжат осы хабарламаны алған күннен бастап кері қайтарылған болып есептеледі.
Паспортқа енгізілетін кез келген өзгеріс оны қайта бекіту арқылы жүзеге асырылады.
Бұйрық 7 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.