Қазақстанда қырғызстандық студенттерді заңсыз криптовалюта операцияларына тартқан
Сурет: Telegram/afm_rk
Тергеу деректеріне сүйенсек, Алматының үш тұрғыны криптовалютамен заңсыз операциялар жүргізу үшін дропперлер желісін құрған.
"Күдіктілер делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтарын, негізінен жастарды тартқан. Олардың арасында студенттер мен қаржылай қиналып жүрген адамдар болған. Күдіктілер олардың Қазақстанға келуіне, тұратын жері мен тамағына ақы төлеп, ұялы телефондар мен SIM-карталар берген. Шетел азаматтары ақшалай сыйақыға өздерінің банк шоттарын пайдалануға рұқсат беріп, кейін елдеріне қайтқан. Күдіктілер осылайша қолдарына түскен төлем құралдарын USDT криптовалютасын тиісті лицензиясыз сатып алу және сату үшін пайдаланған", – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі 2026 жылғы 27 қарашада.
Агенттіктің мәліметінше, күдіктілер SkyPhoenix халықаралық төлем платформасы арқылы Pinco, Pinup, Nomad Games, Sultan Games және басқа да онлайн-казинолардың қаржылық операцияларын жүргізген.
"Күдіктілер ойыншылардан төлем қабылдап, ұтыстарды төлеген және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың кірісін криптовалюта түрінде шығарып отырған. Бұл қызметі үшін олар түскен қаражаттың 4%-ын сыйақы ретінде алған. Дропперлердің шоттарына түскен қаражаттың жалпы сомасы 3,6 млрд теңгеден асты", – делінген ҚМА хабарламасында.
Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
"Соттың санкциясымен үш автокөлік пен бір жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды", – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
ҚМА мәліметінше, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
2026 жылғы 2 ақпанда Қаржылық мониторинг агенттігінің Қазақстан аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен екі адамға іздеу жариялағаны хабарланған еді. Олар – 1970 жылғы 27 маусымда туған АҚШ азаматы Дружинскы Дмитры және 1985 жылғы 8 қарашада туған Украина азаматшасы Левкович (Гинзбург) Марина.
Тергеу барысында бір топ адамның PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істейтін онлайн-казинолардың қызметін шетелден өзара үлестес компаниялар желісі арқылы ұйымдастырғаны анықталды. Агенттіктің мәліметінше, Дружинскы мен Левкович үйлестіруші міндетін атқарған. Олар сыбайластарды іріктеп, төлем ұйымдары мен екінші деңгейдегі банктердің өкілдерімен байланыс орнатқан. Сондай-ақ қаражатты қабылдауға және шығаруға мүмкіндік берген төлем инфрақұрылымын құруға және оның жұмысын қамтамасыз етуге қатысқан.
Ал 10 тамызда ҚМА Өзбекстан азаматы Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жариялағаны белгілі болды. Блогер SultanGames, PINCO, Nomadcasino, Pin-Up, Vavada және басқа да заңсыз интернет-казиноларды насихаттады деген күдікке ілінген.
4 қарашада ҚМА Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаға іздеу жарияланғанын растады. Олар қазақстандық пайдаланушыларға бағытталған Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.