Өнер иелері азық-түлік бағасының қымбаттауына қарсы бас көтерді

Қымбатшылық қысқан жұлдыздар табысты ұлғайтудың көзін іздеуде.
Өнер иелері азық-түлік бағасының қымбаттауына қарсы бас көтерді. Бұл туралы НТК арнасының “Ревю” бағдарламасында айтылды, - деп жазады Stan.kz.

Сахнадағы нәзік жандылар ғана емес, серілер де азық – түлік алуға базарға бас сұғып тұрады. «Ринголық» Аян мен Әділжанның, «Жігіттердегі» Ердостың, соңғы кезде бағаның тым шарықтауы, шамына тиген. Қымбатшылық қалтасынан қаққан жұлдыздардың да қарсылығын тыңдап көрсек.

“Нан қазір 80 теңге. Әр түрлі 100 теңге, 75 теңге, 70 теңге. Сүттер мысалы үшін 350 теңге, 400 теңгеден”, – дейді “Жігіттер” тобының әншісі Ердос Қанаев.

“Тетра пакеттегі сүттерді 250 – 280 теңгеден аламын. Мәселен, шұжықтың бір данасы 2000 теңге тұрады. Нан 80 теңгенің айналасында”, – дейді “Ринго” тобының әншісі Әділжан Умаров.

Супермаркет пен базар бағасын жігіттер жатқа біледі. Себебі, отбасына азық-түлікті жеткізіп тұру солардың мойынында. Олар да жұбайлары жазып берген тізімдегі тауарлар құнының күрт өскенін айтарлықтай сезген.

“Азық-түлік болсын, мысалға бензин болсын кез-келген заттың қымбаттауы әркімнің қалтасына ауыр тиеді. Ойбай, біз оған мән бермейміз деп айту өтірік болады”, – дейді “Ринго” тобының әншісі Аян Бірбаев.

“Қалада мен көп көремін, өзіміздің үлкен аталарымыз, әжелеріміз тиын санап тұрады ғой кассаның қасына келіп, сол кезде менің жүрегім ауырады. Сол кісілердің шымбайына бататын нәрсе”, – дейді танымал телепродюсер Гүлнұр Мамасарипова.

Қай тауардың бағасы шарықтағанын жігіттер анық білгенімен, нәзік жандылар жағы – құнына баса назар салмайтынға ұқсайды. Дегенмен, әдеттегі кәрзіңке толы тауарға төленетін ақының ұлғайғанын олар да аңғарған.

“Тамақ істемеймін, ондай ет деген нәрсе алмаймыз. Орта есеппен бір жиырма мың сондай”, – дейді «KeshYou» тобының әншісі Балжан Бидаш.

Қымбатшылық қысқан жұлдыздар, табысты ұлғайтудың көзін іздеуде. Сондықтан, жақын күндерде әншілердің гонорары да шарықтап кетсе, таңқалмассыз.

Фото: Stan.kz
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: