Қазақстанда күдіктіні қамауда ұстау мерзімі қысқармақ

Адам құқықтары алдыңғы орында тұруы тиіс.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов ҚР құқық қорғау қызметі негіздерін жаңғырту жөніндегі жаңа заң жобасының негізгі ережелерін түсіндірді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, қазан айында Елбасының бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламентке ұсынылған еді.

«Мемлекет басшысының тапсыруымен қылмыстық процесті жаңғырту бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Президент қылмыстық процеске қарапайым тұрғындардың көзімен қарауды тапсырды және адам құқықтарын қорғау деңгейін көтеру, тараптардың бәсекелестігін арттыру, сот бақылауын кеңейту, тергеу рәсімдерін жеңілдету және тергеу органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктерін нақты бөлу секілді 5 негізгі бағытты анықтап берді», - деп атап өтті Марат Ахметжанов Rixos Borovoe қонақ үйінде өткен «Қазақстандағы қылмыстық процесс: жаңғыру жолдары» атты халықаралық конференцияда.

Атап айтқанда, жаңа заң жобасында қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту көзделген. Ал кәмелеттік жасқа толмаған тұлғаларды ұстау мерзімі 24 сағаттан аспауы тиіс.

«48 сағат әлемдік стандарт болып саналады. Ал бізде адамды ұстайды және үш күн бойы айғақ жинайды. Сараптау нәтижесі бойынша, дәл осы кезеңде айыпты мойындаған түсініктеме жаздырып алу үшін ұсталғандарға көбірек қысым жасалатынын көріп отырмыз. Мұны ретке келтіру қажет. Адам құқықтары алдыңғы орында тұруы тиіс», - дейді.
М.Ахметжанов.

Сонымен бірге, Бас прокурор орынбасарының айтуынша, күдіктілерді 72 сағат ұстау мерзімі аса ауыр және қауіпті істер үшін сақталады.

«Террористік және экстремистік қылмыстар, жаппай тәртіпсіздіктер, кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық күш көрсету, адам өлтіру және есірткі заттарын заңсыз тасымалдау сынды ауыр қылмыстар бойынша және күдіктіні жеткізу үшін жолдың ұзақтығы, қатынас көліктерінің болмауы немесе төтенше жағдайдың орын алуы секілді бірқатар себептерге байланысты күдіктіні 72 сағат ұстау мерзімі сақталады», - деп өз сөзін түйіндеді М.Ахметжанов.

Фото: www.inform.kz
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: