Әлеуметтік дүкендерде картоптың келісі мамыр айына дейін 85 теңгеден сатылады

1-ақпаннан бастап 1-мамырға дейін картоп бағасы 85 теңге көлемінде сақталады.
Павлодарда әлеуметтік дүкендерде 2018 жылдың мамыр айына дейін картоптың келісі 85 теңгеден сатылатын болады, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы бүгін аппараттық жиын барысында аймақ басшысы Болат Бақауовтың қойған сауалына берген жауабында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаев айтты.

- Оператормен жасалған меморандум негізінде картоптың келісі 70 теңгеден босатылады, - дейді Ораз Дүзденбаев. - Ал, 1-ақпаннан бастап 1-мамырға дейін баға 85 теңге көлемінде сақталады. Картоп жеткілікті. Жуырда тұрғындар арасында маусымдық дүрлігу болған. Бүгінде жағдай тұрақталды. Әр сенбі сайын жәрмеңкеге 20 тонна өнім жеткізіледі.

Ведомство басшысының айтуынша, биылғы жылғы жиналған 488 мың тонна өнімнің 320 мың тоннасы көкөніс қоймаларына салынған. Өңірде көкөніс пен картопты сақтауға арналған сыйымдылығы 322 мың тоннаны құрайтын 119 көкөніс қоймасы бар. Оның 80 пайызы заманауи технологиялық құралдармен жабдықталған. Өзге өңірлерге экспорттау үшін 150 мың тонна картоп дайындалған.

- Желтоқсан мерекелері жақындап келеді. Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасына апта сайын жәрмеңке ұйымдастыруды тапсырамын, - деді Болат Бақауов.

Аймақ басшысы өзінің орынбасары Бауыржан Қасенов пен аудандар мен қалалардың әкімдеріне, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаевқа әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрі бойынша және картоп бағасын бақылауға алуды тапсырды.

Фото: pavlodarnews.kz
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: