Шарбақты ауданында джип көлігімен оңай олжа табуды көздеген ХХІ ғасырдың барымташысы ұсталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық ІІД баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 58 жастағы күдікті «Toyota Prado» автомашинасымен жолда қараусыз жайылымда жүрген малдарды қарау мақсатында Шарбақты ауданы жаққа шыққан.
- Ол Көлбұлақ ауылынан екі шақырым жерден сиырлардың бақылаусыз жүргенін аңғарған соң табынға жақындап, екі сиырды атып алған. Қылмыстың ізін жасыру мақсатында табынды әрі қарай айдап жіберген де атып құлатқан сиырдың тұтас етін шөппен жауып қойған. Бұдан кейін мал соятын құрал-жабдықтарды әкелу үшін Павлодар қаласына аттанған, - дейді баспасөз қызметінде.
Сол күні түнгі сағат 22.00 шамасында атып алынған екі малды айдалада сойып алған барымташы «ToyotaPrado» автомашинасының жүксалғыш бөлігіне артып алып қала жаққа шыққан. Алайда малдың етін өткізе алмаған. Полиция қызметкерлері күдіктілерді «Маралды станциясы – Павлодар қаласы» тас жолында құрықтады.
Тәртіп сақшылары автомашинаның салонынан оқ-дәрі, бинокль, қол ара, екі балта, пышақ, дөңгелек қайрақ, «С22КМ» иір ойықты карабин және екі ірі қара малдың қызыл, қызыл-ақ түсті терісін анықтады.
Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Сонымен қатар, ұсталғандар алты мал ұрлау фактісі бойынша күдікке ілінген.
Айта кетерлігі, 2017 жылы өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде мал ұрлаумен айналысқан 17 қылмыстық топтың жолы кесіліп, 63 адам ұсталды. Олардың барлығы әртүрлі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Фото: Рavlodarnews.kz