Павлодарлық полицейлер ұрланған көлікті соғып тоқтатты

Жүргізуші талапқа бағынбай жасырынуды ойлаған.
Павлодарда «Toyota Carina» маркалы көлікті мініп кеткен еш жерде жұмыс істемейтін 27 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық ІІД баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Павлодар қаласы ІІБ ЖБО «102» оператор пультіне Ак.Сәтбаев көшесіндегі үйден «Toyota Carina» маркалы көлікті айдап әкеткені туралы хабарлама келіп түскен. Тез арада «Қолға түсіру» жоспары бойынша полиция күштерінің нарядтарына бағдар берілген.

Жол-патрульдік полиция батальонының «636» автопатруль экипажы Естай-Пахомов көшелерінің қиылысында жоғары жылдамдықпен келе жатқан іздеу салынған авмашинаны байқап қалып, дереу шара қолданған. Алайда жүргізуші талапқа бағынбай әрі қарай жасырынуды ойлаған. Автопатруль экипажы дауыс зорайтқыш және арнайы дыбысты жарықпен берілетін сигнал арқылы тоқтауды талап етіп, тәртіп бұзушының соңына түскен.

- Теплов-Ак.Сәтпаев көшелерінің қиылысында 631 автопатруль құрамындағы экипаж жетекшісі полиция сержанты Нұрбек Ундерме және жүргізуші полиция сержанты Руслан Зейноллинов жүйткіп келе жатқан көлікті соғу арқылы тоқтатуға мәжбүр болды. Медициналық куәландыру кезінде қала тұрғынының орта дәрежеде мас болғаны анықталды. Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 200-бабы, 1-бөлімі (айдап әкету) және 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сонымен қатар, ол полицей автомашиналарына зиян келтіргені үшін материалдық залал қайтаруы тиіс, - деді департаментте.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: