ҚР Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев Қазақстанда жаңа мейрамды атап өтуді ұсынды. Оның айтуынша депутат ұсынған ұлттық мереке – Нан күні аталуы мүмкін, - деп хабарлайды Baq.kz.
ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында Владислав Косарев депутаттық сауалын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке жолдады.
«Барша еңбекші қауым еліміздегі дихандардың табысы мен олардың халықты негізгі азық-түлікпен қамтамасыз еткеніне таңдай қағады. Біз механизатор, аграрлық ғылым қызметкерлері, элеватор мен ұн өнеркәсібі жұмысшылары, технолог, наубайшы, нан өнімдерін сатушылардың еңбегін атап өтуіміз керек», - деді ол.
Ол Қазақстан жер шарындағы 100 миллионға жуық халықты нанмен қамтамасыз ете алатын ел екенін айта кетті.
«Басты азық-түлік нанның құрметіне осындай мейрамды белгілеу қажеттігін көріп отырмыз. Италияда қызанақ күні, Грекияда шарап күні, Голландияда қызғалдақ пен ірімшік күні, ал Германияда сыра күні аталып өтеді. Сол себепті жыл сайын нан күнін атап өтуді ұсынамын», - деді Владислав Косарев.
Ол бұл күнді тойлау барысында мейрам қонақтарына дәм татқызатын және сапалы өнім құрамымен бөлісетін өндірушілерге арналған нан көрмесін өткізу керегін де атап өтті.
«Дөңгелек нан, бауырсақ, тоқаш, бәлішті бір-біріне сыйлау арқылы нан мен басқа да ұннан жасалған өнімдерге деген түсінік арта түседі. Мұндай мейрамды әрбір нан бөлімдері, киоск, қоғамдық тамақтану орындары жеке атап өтсе де болады. Мерекелік дөңгелек нан ел амандығының символы атануы да мүмкін», - деді ол.