Халық қалаулысы Үкіметтен кітапханашылардың жалықысын көтеруді сұрады

Депутат кітапханашылардың қазіргі таңда алып отырған жалақысы өте төмен деңгейде екенін жеткізді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұрлан Дулатбеков Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа жолдаған сауалында кітапханашылардың жалақысын көтеру қажеттін айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

Депутат кітапханашылардың қоғам алдындағы міндеті мұғалімдер мен дәрігерлерден кем түспейтінін айта келе, олардың қазіргі таңда алып отырған жалақысы өте төмен деңгейде екенін жеткізді.

«Кітапханашы деген білім нәрін сіңірген, энциклопедияларды білетін кәсіби маман. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін іздеген білімін кітапханадан табады. Бүгінгі таңда кітапханашының айлығы ең төменгі еңбекақы екені белгілі. Олардың айлығы дәрігерлер мен мұғалімдердің алатын ақшасынан төмен. Бірақ, кітапханашының қоғам алдындағы міндетінің маңызы білім саласы мен денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірдей екенін атап өту керек. Осыған байланысты, кітапханашылардың айлық мәселесі өте өткір мәселе екенін атап өткім келеді. Әсіресе аудандар мен ауылдардағы кітапханашылардың айлығын ойлаған дұрыс», - деді Нұрлан Дулатбеков.

Сонымен қатар ол аталған саладағы мәселелер жалақымен шектелмейтінін жеткізді.

«Кітаптарды сатып алу бойынша жеткілікті қаражаттың бөлінбеуі, Қазақстанда басылып жатқан кітаптар туралы ақпараттың жоқтығы, білімнің салалары бойынша мемлекеттік тілдегі кітаптардың аз басылуын атап өтуге болады. Облыстардың барлығында балалар мен жастарға толыққанды қызмет көрсете алатын кітапханалар көп емес. Әдебиеттің әлеуметтік маңызы бар туындылары бойынша кітапханаға барушылардың сұранысы қанағаттандырыла бермейді. Кітапханалардың интернетке қол жетімділігі де мәз емес. Бүкіл еліміздегі кітапханалардың 38 пайызында ғана интернет бар. 179 кітапхананың ғана сайты бар. Бұл мәселелердің шешілуі кітапхананың мемлекеттік идеологияны жүзеге асыруда маңыздылығын сақтап қалар еді», - дейді депутат.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: