Қазақстандық студент әлемдік сән байқауында жеңімпаз атанды

Конкурсқа Италия, Беларусь, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қазақстаннан келген 100-ден астам дизайнер «Текстиль», «Графикалық дизайн», «Костюм» номинациялары бойынша баптары мен бақтарын сынады.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 2-курс студенті Жазира Көшкін Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен «Поколение NEXT» XIX Халықаралық байқауында үшінші орынға ие болды. Бұл туралы zakon.kz, оқу орнының баспасөз орталығының жетекшісі Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

«Сән индустриясы» атты жеңіл және тоқыма өндірісінің Халықаралық көрмесі аясында жас дизайнерлер арасында ұйымдастырылған сайысқа Ж. Көшкін «Костюм» аталымы бойынша қатысып, көпшілік назарына Art on Rocks этностиліндегі әйелдер киімінің топтамасын ұсынды. Конкурсқа Италия, Беларусь, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қазақстаннан келген 100-ден астам дизайнер «Текстиль», «Графикалық дизайн», «Костюм» номинациялары бойынша баптары мен бақтарын сынады.

– Үш күнге созылған байқауда 143 жоба ұсынылды. Соның ішінде «Костюм» бағыты бойынша 34 жұмыс, «Текстиль» бағыты бойынша 51 жұмыс финалға жолдама алды. Онлайн дауыс беру нәтижесінде «Кәсіптік оқыту» мамандығының студенті Жазира Көшкіннің жұмысы жүлделі үшінші орынға лайық деп танылды, – дейді жетекшісі, Кәсіптік білім кафедрасының оқытушысы Ұлжан Алашабаева.

Оның айтуынша, Қыздар Университетінің студенттерінің бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктері бір бұл ғана емес. Бұған дейін де білімгерлер республикалық, аймақтық сән байқауларында «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Оқу орнының ұстаздарды сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасауды жастарға жете таныстырып, болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруды көздеп отыр.

– Мақсатымыз – студенттерге қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақталған эстетикалық, мәдени мұраларын терең меңгерту арқылы олардың танымдық көзқарасын қалыптастырып, қолөнерге қызығушылықтарын ояту. Ұлттық киім үлгілеріндегі элементтерді жаңа үлгідегі ұлттық киімдерге ендіріп, соны брэндттер қалыптастырсақ деген ойдамыз, – деп атап өтті Ұ. Алашабаева.

Жазира Көшкін сабақтан тыс уақытта дизайндық киім үлгілері мен коллекцияларды модельдеп, құрастыруды әдетке айналдырған.

– Қазіргі күнде еңбек нарығында дизайнер мамандарына деген қажеттілік байқалады. Бұған себеп те жоқ емес. Ұлттың ұлылығын ұлықтайтын бұйымдарға сұраныс күн өткен сайын артып келеді. Еліміз бойынша сән орталықтары мен шеберханалар да көптеп ашылуда. Басты мақсатым – ата-баба дәстүрін кеңінен насихаттап қана қоймай, замандастарымды төл өнерді бағалауға, ұлттық мұраны сақтауға үндеу, – дейді Ж. Көшкін.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: