Шығыс Қазақстанда құтқару топтары жергілікті атқарушы билікпен бірлесе еріген қар суы мен жауынның салдарын жою жұмыстарымен айналысуда, деп хабарлайды Bnews.kz ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Соңғы бес күн ішінде құтқарушылар облыс бойынша 750-ден астам адамды эвакуациялады. Олардың басым бөлігі туған-туыстарының үйінде, қалғандары эвакуациялық пунктерде. Тұрғындарға психиологиялық көмек көрсетілуде. Қазіргі уақытта 44 адам үйлеріне қайта оралды", - делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, облыстық дағдарыс орталығында 55-38-19 нөмірлі шұғыл телефоны жұмыс істейді. Бірнеше күн ішінде бұл телефонға 300-дей қоңырау шалынды. Тұрғындарды мазалайтын басты сауал, аймақтағы су жайылу қаупі. Барлық сұрақтарға жауап беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Шығыс қазақстандықтарға көмекке Оңтүстік Қазақстаннан "Өрт сөндіру мен апаттық-құтқару қызметі" мамандары көмекке келді. Олар өздерімен бірге қосымша 30 мотопомпа ала келді. Олар аймақтың әр ауданына жіберілді. Негізгі жұмыстар Шемонаиха және Глубокиий аудандарында жүргізулуде. Бірнеше сағат көлемінде құтқарушылар үй аулаларынан 5 мың текше метр суды тазалады.
Осыған дейін Павлодар облысының құтқарушылары да көмек көрсетіп, 12 мың текше метр суды сорғытып берген еді.