Павлодарда алғаш рет сотталған азаматтардың суреттері көрмеге қойылды

Бұл республика бойынша бірінші рет ұйымдастырылып отырған шара.

Павлодарда облыстық көркемөнер музейінде алғаш рет экстремизмге және терроризмге қатысты баптар бойынша істі болған тұлғалардың жұмыстары көрмеге қойылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық дін істері басқармасының басшысы Дәулет Зәкәриянов көрмеге 25 туынды қойылғанын айтты.

- Үш мекеменің азаматтары салған суреттер әкелінді, - деді Дәулет Зәкәриянов. – Бұл республика бойынша бірінші рет ұйымдастырылып отырған шара. Сотталғандарды оңалтуға себепші болу үшін осы өнерлеріне қолдау көрсеттік. Олар дәстүрімізді мойындамайды. Тарихты ұымытып, салтымызды сақтамайды. Сондықтан өмірді еліне, жеріне, халқына деген құрметін қайтадан ояту мақсатында тарихымыз, салтымыз жайлы суреттердің көрмесі ұйымдастырылып отыр. Азаматтарымыз дәстүрлі жолымызға қайтып келеді деген сенімдеміз. Сонымен қатар, оңалту мақсатында теологтар, арнайы мамандар барып дәріс оқып, сабақтар өткізіп тұрады. Олар құранды білмейді. Діни сауаттары аз. Сол себепті араб тілін үйретеді.

Көрменің ашылуына облыстық дін істері басқармасының өкілдері, мешіт имамдары мен шіркеу дін қызметкерлері және ЖОО студенттері қатысты.

Павлодар қаласы конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Раздықова мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін бес жыл жұмсалғанын атап өтті.

- Бес жыл психологиялық және идеологиялық кедергілерді жеңіп шығуға көмектестік, - деді Гүлназ Раздықова. – Өте ауыр жұмыс болды. Сотталғандардың қағидалары бойынша сурет салуға тыйым салынады. Сондықтан темір тордың артында жазасын өтеп шыққан жандардың қылқаламды ұстағанының өзі көзқарастарының өзгергендігін көрсетеді. Көрмеге 23 адам қатысып отыр. Олар ҚР қылмыстық кодексінің 256-бабы -«террористік ұйымдардың мүшесі болу немесе сондай топтарды қаржыландыру» бойынша қылмыстары үшін сотталған. Барлығы ҚР-ның азаматтары.

Айта кетейік, қазіргі кезде өңірде діни экстремизмге және терроризмге қатысты баптар бойынша сотталған 87 адам жазаларын өтеуде.

Көрме 2-4 мамыр аралығында сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін өткізіледі.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: