Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына барды

Бүгін Елбасы өңірдегі бірнеше өнеркәсіп орындарын аралап, жергілікті жастармен жүздеспек.

Сочидегі іссапардан соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына ат басын бұрды, деп хабарлайды Хабар 24.

Бүгін Елбасы өңірдегі бірнеше өнеркәсіп орындарын аралап, жергілікті жастармен жүздеспек.

Батыс өңіріндегі уақыт айырмашылығын ескерсек, қазір Оралда таңғы сағат 10. Президент осы сапары барысында өңірдің өмірі үшін елеулі бірқатар нысанды аралап, жергілікті тұрғындармен жүздеспек. Дәл қазір Нұрсұлтан Назарбаев жиһаз шығаратын зауытқа бет алды. Осы ретте айта өткен жөн, Батыс Қазақстан облысы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту көрсеткіші бойынша Астанадан соң екінші орында тұр. Бұл секторда облыста 112 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сондай-ақ бүгін Елбасы «Жайық Агро» кәсіпорнына да барады деп күтілуде. Айтпақшы, бұл құс фабрикасының тұсауын былтыр Президент өзі телекөпір арқылы кескен болатын. Қазір кәсіпорын жылына 7 мың 200 тонна құс етін өндіріп, 150 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бұдан бөлек Нұрсұлтан Назарбаев үй құрылысына қажетті қалың қабырғаларды шығарумен айналысатын өңірдегі іргелі кәсіпорынның жұмысымен таныспақ. Сонымен қатар өңірге сапары аясында Мемлекет басшысы Орал қаласындағы жастар мен оқушылар сарайында жергілікті жастармен жүздеседі деп жоспарланып отыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: