Ақмолалық имамдар және жергілікті «Зекет» қорының өкілдері күретамыр жол бойларына шығып, «Жолдағы ауызашар» шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.
Алдымен Астана-Бурабай автобанында шетелдік іргелі жүк көліктерін тоқтатып, оларды Рамазан айымен құттықтап, құрма, су, бал, тәтті тоқаштар салынған ауызашар асын таратты. Ұзын жолдың бойымен ағылған көлік жүргізушілері арасында Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және тағы басқа елдердің азаматтары көптеп кездесті. Олардың қатарында ислам дінін ұстанбайтын ұлт өкілдері де аз болмады.
«ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкілдігі биылғы Рамазан айын тағылымды өткізу мақсатында «Рамазан: отыз айшықты оқиға» бағдарламасын жасап, оның аясында әр күні бір есте қалар шара өткізуге бастама көтерген еді. Оразаның бесінші күні жергілікті имамдар қолға алған бұл шараға облыс аумағындағы барлық аудан-қала мешіттері өз үлестерін қосты. Сөйтіп, бір күнде бірнеше жүз адамға жол үстінде ауызашар асы таратылды», – дейді Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит.
Осы күні ұзын жол бойындағы Бурабай аудандық мешіті де жолдағы ауызашарға атсалысып, өз қайырымдылықтарын көрсетті.
«Осы оқиғаға қанығып, асыл дініміздің мерейін өсіріп, ізгіліктің алтын арқауы екенін өз істерімен көрсете білген барша дін қызметкерлеріне Алла разы болсын дегіміз келеді. Ислам күнтізбесіндегі қасиетті айды осылай өзіндік тағылыммен өткізіп, алыс сапарларға шығатын жүргізушілерге де назар аударып, ауызашар дәмін ұсынған имамдарға қалай риза болмассың», - дейді Мұрат Оспанов есімді азамат.
Оразаның алғашқы күні Ақмола облысына қарасты мешіттер «Жапа шеккенге жанашырлық таныт!» айдарымен шараға да белсене атсалысты. Әсіресе, заманның тауқыметін тартып, желдің өтінде қалған жандарға баса назар аударып, қайырымдылық көмек көрсетті.
Науан хазірет орталық мешіті мен «Зекет» қорының өкілдігі бірлесіп, көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған бірнеше отбасына азық-түлікпен қол ұшын берді. Мешіттің қасиетті айды осылай ізгілікпен бастағанына ризашылық білдіргендер де жетерлік.
«Рамазан айының бір тағылымы ауыз бекітіп, тарауық намазын ғана оқу емес екен. Жапа шеккенге, өмірдің теперішін көргендерге қарайласу да сауапты іс. Мұндай ізгілік шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», - дейді «Жақия қажы» мешітінің бас иамамы Серік Халықов.
Өмірде ізгілік көп болса, иман да жоғарылайтыны анық. Бұл да бір Алланың қалауымен болып жатқан іс екеніне шүкіршілік етеміз.
«Рамазан айы – берекелі ай. Мұсылман халқы бұл айды жақсы өткізуге мейлінше әрекет жасайды. Биылғы оразада отыз күн бойы қаладағы барлық мешіттерде ауызашарлар беріледі. Қасиетті айдың құрметіне рухани кештер, Қадір түнінде арнайы бағдарламалар, қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылады», - дейді облыстық мешіттің наиб имамы Мейіржан Құлмұмақов.